Ұланбел ауылында жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланды

Ұланбел ауылында жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланды

Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылы орман шаруашылығы ұжымымен арнайы кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – Ата Заң жобасында қарастырылған өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру, оның ел дамуына тигізер ықпалы туралы кеңінен ақпарат беру және сала мамандарының пікірін тыңдау болды.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған негізгі тетіктері жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтау, жауапкершілікті арттыру, заң үстемдігін нығайту және мемлекеттік институттардың ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды.

Сонымен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге қатысты нормаларға ерекше назар аударылды. Жоба аясында әрбір азаматтың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету, әділ сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру және құқықтық кепілдіктерді нақтылау көзделіп отырғаны айтылды.

Орман шаруашылығы ұжымымен өткен кездесуде табиғатты қорғау, экологиялық қауіпсіздік және орман қорын сақтау мәселелеріне қатысты конституциялық нормалардың маңыздылығы да кеңінен талқыланды. Қатысушылар экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы мемлекеттік саясаттың рөліне тоқталды.

Жиын барысында сала қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Кездесу ашық форматта өтіп, ұсыныстар мен ой-пікірлер назарға алынды.

Аталған түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да түрлі еңбек ұжымдары мен мекемелерде жалғасатын болады. Бұл өз кезегінде қоғамда құқықтық мәдениетті арттырып, Конституция жобасын кеңінен талқылауға мүмкіндік береді.