«Референдум–2026» ақпараттық науқаны аясында Жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ауқымды онлайн марафон өтуде. Алты сағатқа созылған ашық диалог барысында құжаттың мазмұны, ішкі логикасы және оның қоғам өміріне ықпалы жан-жақты сарапқа салынды.
Онлайн алаңда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, қоғам өкілдері, заңгерлер, сарапшылар және азаматтық белсенділерден құралған 100-ге жуық спикер пікір алмасты. Іс-шара ашықтық, қолжетімділік және көпшілік талқылау қағидаттарына негізделді.
Марафон барысында Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Айдарбек Қожаназаров, сондай-ақ саясаттанушы Индира Рыстина жаңа Конституциядағы негізгі өзгерістердің мәні мен маңызына талдау жасады.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым өз сөзінде цифрлық деректердің алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілуі бірқатар кодекстер мен салалық заңдарға өзгерістер енгізуге құқықтық негіз бола алатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл қадам заманауи технологиялық үдерістерді ескере отырып, құқықтық жүйені жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Ал саясаттанушы Индира Рыстина жаңа Конституцияның Преамбуласына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, кіріспе бөлімде ел тарихы, қоғамның қазіргі келбеті және мемлекеттің негізгі қағидаттары нақты әрі түсінікті тілмен баяндалған. «Преамбула тіпті мектеп оқушысына да ұғынықты жазылған», – деді сарапшы.
Онлайн марафон қоғам мен билік арасындағы ашық диалог алаңына айналып, Жаңа Конституция жобасының мазмұнын кеңінен түсіндіруге және азаматтардың белсенді қатысуына мүмкіндік берді.
