Мойынқұмға жаңа өндіріс – жаңа мүмкіндік

Мойынқұмға жаңа өндіріс – жаңа мүмкіндік

Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев аудан әкімінің орынбасары Қуандық Төлеубековпен бірге Шу қаласының маңында салынып жатқан жүгері өңдеу зауытының құрылыс алаңында болды. Сапар барысында құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, мердігер мекемелердің өкілдерімен және инвестор компаниялардың басшылық құрамымен кездесу өткізді.

Кездесуге «Шэнтай» және «Аньшунь Энерджи» компанияларының жетекшілері қатысты. Тараптар инвестициялық жобалардың жүзеге асу кезеңдері, өндірістік қуаттылық, шикізатпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық мәселелер және жергілікті кадрларды тарту жайын кеңінен талқылады.

Әсіресе «Аньшунь Энерджи» компаниясының Мойынқұм ауданында ірі өндірістік кәсіпорын ашу жөніндегі бастамасына ерекше назар аударылды. Жоба толық іске асқан жағдайда аудан аумағында 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, бұл бастама аудан экономикасының әртараптануына, шағын және орта бизнестің дамуына, салық түсімдерінің артуына оң ықпал етпек.

Аудан әкімі Ермек Карентаев өз сөзінде инвесторларға өңірдің әлеуетін таныстырып, өндірістік жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы биліктің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Өз кезегінде компания өкілдері жобаны белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асыруға мүдделі екендерін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді әріптестік орнату, инфрақұрылым мәселелерін кезең-кезеңімен шешу және жобаны жүйелі түрде сүйемелдеу жөнінде нақты келісімдерге келді.

Мойынқұм ауданы үшін бұл тек өндірістік жоба ғана емес, бұл – жаңа экономикалық серпін, жаңа жұмыс орындары және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың мүмкіндік.