
Мойынқұм ауданында ауа райының күрт өзгеріп, бірнеше күн қатарынан аяздың күшеюіне байланысты аудан жастары тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында «Тегін такси» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Ақпан айының онынан басталған суық үш күнге созылып, тұрғындарға қолайсыздық туғызды. Осыған орай «Халықаралық волонтерлар» жылы аясында ауданның ерікті жастары игі бастама көтеріп, қоғамдық көлік аялдамаларында тұрған азаматтарды үйлеріне тегін жеткізуді қолға алды.
Акцияның басты мақсаты – қыстың қақаған аязында халыққа қолдау көрсету, қоғамдағы өзара жанашырлық пен қамқорлықты арттыру, сондай-ақ еріктілер қозғалысының маңызын насихаттау.
Ерікті жастардың бұл бастамасы тұрғындар тарапынан оң бағасын алып, ризашылыққа ие болды. Аязды күндері жолда қалған жолаушылар үшін мұндай көмек дер кезінде көрсетілген нақты қолдау болды.
Аудан жастары алдағы уақытта да әлеуметтік маңызы бар шараларды жалғастырып, қайырымдылық пен бірлікті нығайту бағытында жұмыстар атқаруды жоспарлап отыр.