
Аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына орай «Ауған соғысының қасіреті» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Іс-шараны аудандық орталық кітапхана, аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және аудандық мәдениет үйі бірлесіп ұйымдастырды.
Кешке ауған соғысының ардагері Ергенбай Рысқұлбеков, «AMANAT партиясы» аудандық филиалының төрағасы Манарбек Көшкімбаев, аудандық Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Болат Әуелбаев, сондай-ақ М.Жұмабаев мектеп-лицейі оқушылары мен мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты.
Шараның негізгі мақсаты – Ауған жерінде әскери борышын өтеп, елге аман оралған ардагерлерге құрмет көрсету, қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым ету, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында ерлік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру.
Кездесу барысында Ергенбай Рысқұлбеков өзінің өмір жолы мен әскери қызметі туралы әңгімелеп, Ауған жеріндегі есте қалған оқиғаларымен бөлісті. Ол соғыс алдындағы дайындық кезеңі, жауынгерлік міндеттер, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі және бейбіт өмірдің қадірі жөнінде мазмұнды ой айтты.
Іс-шара аясында майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды. Сонымен қатар, Ауған соғысына арналған бейнефильмдер көрсетілді. Қатысушылар ардагерге сұрақтар қойып, ерлік пен жауынгерлік рухты жас буын арасында насихаттаудың маңыздылығы жөнінде пікір алмасты.
Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері мен аудандық саз мектебінің тәрбиеленушісі патриоттық әндер орындап, жиынның тағылымдық мәнін арттыра түсті.
Шара соңында кітапхана директоры Ғ.Шубаева ардагерге, қонақтарға және қатысушыларға алғыс білдіріп, олардың ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.
Ауған соғысында қаза тапқан боздақтардың ел алдындағы адал қызметі мен жауынгерлік ерлігі – халық жадында мәңгі сақталатын тағылымды тарих.