II бөлім Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер

II бөлім  Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер

12-бап

  1. Әр адамның құқық субъектiсi ретiнде танылуға құқығы бар.

Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы. 

  1. Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
  2. Қазақстан Республикасында заңға сәйкес біліктi заң көмегін алу құқығы танылады.

 

13-бап

  1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бiрыңғай және тең.
  2. Қазақстан Республикасының азаматын өз азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол беріледі.
  3. Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Шет мемлекетте туғанына байланысты сол мемлекеттің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаға қатысты заңда көзделген ережелер қолданылады.

 

14-бап

  1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматы шет мемлекетке берілмейді.
  2. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi.

 

15-бап

  1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.
  2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі, олар ажыратуға және айыруға болмайтын деп таны­лады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады.
  3. Қазақстан Республикасы азаматының өз азаматтығына орай құқықтары мен мiндеттері бар.
  4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайда шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматы үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттерді атқарады.
  5. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостан­дықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
  6. Әр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар.

 

16-бап

  1. Заң мен сот алдында бәрi тең.
  2. Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды.

 

17-бап

  1. Өмір сүру құқығы – әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы.
  2. Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ.
  3. Өлім жазасына тыйым салынған.

 

18-бап

  1. Әр адамға жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығына кепілдік беріледі.
  2. Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды.

Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі және оған шағым жасау құқығы беріледі.

  1. Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі.
  2. Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегiн пайдалануға құқығы бар.

 

19-бап

  1. Заңды күшіне енген сот үкімімен адам кінәлі деп танылмайынша, ол жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі емес деп саналады.
  2. Ешкім өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.

Діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдарға қарсы куәлік етуге міндетті емес.

  1. Адамды дәл сол құқық бұзушылық үшін қылмыстық не­ме­се әкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салынады.

 

20-бап

  1. Адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады.
  2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездiк көрсетіп немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлап жәбiрлеуге не жазалауға болмайды.

 

21-бап

  1. Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.
  2. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақ­тардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдары, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі.
  3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

 

22-бап

  1. Әр адам өзiнiң қай ұлтқа жататынын айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы.
  2. Әр адамның ана тілі мен төл мәдениетiн қолдануға, қарым-қатынас жасау, тәрбие беру, оқу мен шығармашылық тілін еркiн таңдауға құқығы бар.

 

23-бап

  1. Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi.
  2. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.
  3. Мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу және тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңда айқындалады.
  4. Сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.
  5. Цензураға тыйым салынады.
  6. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумағының тұтастығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға, сондай-ақ осындай әрекеттерге шақыруға жол берілмейді.

 

24-бап

  1. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.
  2. Әр адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен жол беріледі. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергiсiз оралуға құқығы бар.

 

25-бап

  1. Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар.
  2. Ар-ождан бостандығы құқығын пайдалану жалпыадам­зат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы мiндеттерді шектемеуге тиіс.

 

26-бап

  1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлестік құру бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiк қызметi заңмен реттеледi.
  2. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты және өзге де соттары төрағалары мен судьяла­рының, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палатасы төрағалары мен мүшелерінің, құқық қорғау орга­ны
    және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері мен жұмыс­керлерінің, әскери қызметшілердің саяси партия мен кәсіптік одақта болуға, қандай да бір саяси партияға немесе қоғамдық-саяси қозғалысқа қолдау көрсетуге не сыни пікір білдіруге құқығы жоқ.

 

27-бап

  1. Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Еңбекке мәжбүрлеп тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында жол беріледі.
  2. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегi үшiн қандай да бiр кемсiтусiз сыйақы алу, сондай-ақ әлеуметтiк қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік береді.
  3. Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.
  4. Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндерi, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепiлдiк беріледi.

 

28-бап

  1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.
  2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үй соған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.

 

29-бап

  1. Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншiк құқығы бар.
  2. Меншiкке және мұрагерлiк құқыққа заңмен кепiлдік беріледі.
  3. Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiкті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі.
  4. Қазақстан Республикасы кәсiпкерлiк қызмет бостандығы құқығына, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi немесе шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.

 

30-бап

  1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.
  2. Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.
  3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
  4. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.

 

31-бап

  1. Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепiлдiк берiледi,
    сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушы­сынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негiздер бойынша әлеуметтiк қамсыздандыруға кепiлдiк берiледi.
  2. Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтан­дыру, өзге де әлеуметтік қамсыздандыру нысандары, волонтерлік қызмет пен қайырымдылық қолдау табады.

 

32-бап

  1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
  2. Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы.
  3. Мемлекеттік және жекеменшiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғалардан ақылы медициналық көмек алу заңда белгiленген негiздерде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.

 

33-бап

  1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Бастауыш және негізгі орта білім мiндеттi.
  2. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығы бар.
  3. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгiленген негiздерде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
  4. Мемлекет жалпыға мiндеттi білім беру стандарттарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс.
  5. Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйым­дарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.

 

34-бап

Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбiт жиналысқа құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану конституциялық құры­лыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостан­дықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғам­дық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адам­гер­шілік болмысын сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін.

 

35-бап

  1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына өзі жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiш жолдауға құқығы бар.
  2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар. Жалпыхалықтық референдум өткізу тәртібі конституциялық заңда
    айқындалады.
  3. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы
    жоқ.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республи­касы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіп­пен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республика­сы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқор­лық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қа­тыс­ты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ.

  1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар заңға сәйкес лауазымдық мiндетінің сипатына ғана қатысты болады.

 

36-бап

  1. Әр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
  2. Әр адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.

 

37-бап

  1. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.
  2. Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
  3. Адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

 

38-бап

Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу – әр адамның борышы мен мiндетi.

 

39-бап

  1. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиеттi парызы мен мiндетi.
  2. Қазақстан Республикасының азаматтары әскери қызметті заңда белгiленген түрде және көзделген тәртiппен өткереді.

 

40-бап

Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi.

 

41-бап

  1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында тек заңмен және қажетті шамада ғана шектелуi мүмкiн.
  2. Этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін әрекет конституциялық емес деп танылады.
  3. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен шектеуге жол берілмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12, 14, 16, 17, 20, 22, 25-баптарында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс.