Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасы жарияланды

Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасы жарияланды

Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып,

Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтас­тығын сақтап,

мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап,

Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып,

адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп,

бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп,

мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылық­тарын бағдарға алып,

табиғатты аялау қажеттігін мойындап,

бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып,

келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп,

Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз.

 

І бөлім

Конституциялық құрылыс негіздері

 

1-бап

Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

 

2-бап

  1. Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика.
  2. Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз етеді.
  3. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңда айқындалады.
  4. Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы. Елорда мәртебесі конституциялық заңда айқындалады.
  5. Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атауларының мәні бірдей.
  6. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге.

Теңгені эмиссиялау айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі.

  1. Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.

 

3-бап

  1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құнды­лықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптас­тыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті
    қолдау.
  2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды.

 

4-бап

  1. Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі.
  2. Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.
  3. Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кету заңмен қудаланады. Халық пен мемлекет атынан әрекет ету құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, сондай-ақ конституциялық өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына тиесілі. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттік шегінде мемлекет атынан әрекет етеді.
  4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас, ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну және өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады.

 

5-бап

  1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы – Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Қазақстан
    Респуб­ли­ка­сы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республи­касының халықаралық шарт міндеттемелерінің
    нормалары.
  2. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады.
  3. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқындалады.
  4. Барлық заңдар мен Қазақстан Республикасы ратифика­циялаған халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы – оларды қолданудың міндетті шарты.
  5. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.

Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.

Жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, онда жаңа заң қолданылады.

  1. Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін.

 

6-бап

  1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық танылады.
  2. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейді. Мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейді.
  3. Мақсаты немесе әрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын және қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға және оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады.
  4. Басқа мемлекеттің саяси партиясы мен кәсіптік одағының, діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді, сондай-ақ саяси партия мен кәсіптік одақты шетелдік заңды тұлғаның, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамның, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаның, шет мемлекет пен халықаралық ұйымның қаржыландыруына жол берілмейді.
  5. Коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғадан, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамнан алатын ақша қаражатының қозғалысы және активтері туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ашық әрі қолжетімді болуға тиіс.

 

7-бап

  1. Дін мемлекеттен бөлек.
  2. Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.

8-бап

  1. Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады.
  2. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай келуге, қоршаған ортаны қорғау саласындағы белгіленген талаптар сақталып іске асырылуға тиіс, басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің құқықтарының көлемі мен шегі, оларды қорғау кепілдіктері заңда айқындалады.
  3. Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.

 

9-бап

  1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.
  2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.
  3. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді.

 

10-бап

Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты, олардың ішкі ісіне араласпауды, халықаралық дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді.

 

11-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді.