Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов жаңа Конституция жобасының маңыздылығы туралы баяндап, құжаттың өңірлерде кеңінен қолдау тапқанын мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасында «Әділетті Қазақстан» қағидаты мемлекеттік дамудың іргелі бағыты ретінде айқын көрініс тапқан.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы алғаш рет Преамбула мен жалпы ережелер деңгейінде мемлекеттік дамудың басты құндылығы ретінде “Әділетті Қазақстан” ұғымын бекітті. Әділетті Қазақстан – бұл “Заң мен Тәртіп” қағидатын берік ұстанатын, тең мүмкіндіктер мен кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ететін ел. Бұл – әлеуметтік әділеттілікке негізделген мемлекет», – деді Магеррам Магеррамов.
Сонымен қатар, ол тарихи сабақтастық пен ұлттық құндылықтардың сақталуына ерекше назар аударылғанын атап өтті. Жаңа Конституцияның Преамбуласында қоғамдық бейбітшілік пен орнықты дамудың негізі ретінде этносаралық және конфессияаралық келісімге айрықша мән берілген. Бұдан бөлек, еңбек ету құқығына қатысты нормалар қоғам тарапынан ерекше қолдау тапқан.
Институционалдық өзгерістерге тоқталған депутат мемлекеттік билік құрылымындағы жаңашылдықтарды атап өтті. Оның айтуынша, бірпалаталы Парламент құру, «Халық кеңесі» атты жоғары консультативтік органды қалыптастыру және өзге де түбегейлі өзгерістер мемлекет дамуына жаңа серпін береді. Қазіргі модель басқару процестерін үйлестірумен қатар, азаматтарға қызмет ету қағидатына негізделген.
Магеррам Магеррамов жаңа Конституция жобасының кеңінен қолдау тапқанын атап өтіп, оны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды.
«Қазақстандықтардың басым көпшілігі жаңа Конституция жобасын қолдайтынын сеніммен айта аламын. Бұл тек Комиссия аясындағы талқылаулармен ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде өткен кездесулер нәтижесімен де дәлелденді. Қазақстан Халық партиясының филиалдары қоғамдық, әлеуметтік топтармен, еңбек ұжымдарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, құжатты кеңінен талқылады», – деді депутат.
Оның айтуынша, Мәжілісте Қазақстан Халық партиясы фракциясының бастамасымен кеңейтілген отырыс ұйымдастырылып, оған партия филиалдары, сарапшылар, ғылыми және заң қоғамдастығының өкілдері, кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдар қатысқан. 100-ге жуық адам қатысқан жиында жаңа Конституция жобасына бірауыздан қолдау білдірілген.
«Жаңа Конституция жобасы – өткен кезеңнің сабақтарын ескере отырып, бүгінгі басымдықтарды айқындаған және болашаққа нақты бағдар берген халықтың бірлігі мен тұтастығының көрінісі. Осыны ескере отырып, біз жобаны жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынамыз», – деп түйіндеді Магеррам Магеррамов.
