Жаңа Конституция орнықты әрі адамға бағдарланған саясаттың негізін қалыптастырады – Асхат Рахымжанов

Жаңа Конституция орнықты әрі адамға бағдарланған саясаттың негізін қалыптастырады – Асхат Рахымжанов

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов жаңа Конституция жобасына қатысты ұстанымын білдіріп, құжатты қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұсынылып отырған Ата Заң жобасы мемлекеттің әлеуметтік сипатын күшейтіп, саясаттың басты өзегіне адам мүддесін қояды.

Асхат Рахымжановтың атап өтуінше, Конституция жобасы ең алдымен әділдік, теңдік және адам құқықтарын қорғау қағидаттарына негізделген. Сонымен қатар, мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты нормалар қамтылған.

«Қоғамдық бірлестіктердің қызмет ету еркіндігін бекіту және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу аясын кеңейту – нағыз азаматтық қоғамды дамытуға жол ашады. Мұндай қоғамда кәсіподақтар, қоғамдық ұйымдар мен бастамашыл топтар еңбек адамдарының, жастардың және әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың мүдделерін еркін қорғай алады. Бұл – тең мүмкіндіктер мен мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаттарымен тікелей байланысты», – деді партия төрағасы.

Оның пікірінше, жаңа Конституция жобасында көзделген нормалар қоғамның сұранысына жауап беріп қана қоймай, ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды. Мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде болашақ ұрпақтың мүддесін ескеру қағидаты ерекше мәнге ие.

Асхат Рахымжанов әсіресе еңбек, жұмыспен қамту, экология және әлеуметтік қорғау салаларындағы тұрақты саясаттың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы бағыттарда ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер орнықты әрі адамға бағдарланған мемлекеттік саясаттың берік негізін қалыптастырады.

«Мемлекеттік шешімдер қабылданғанда болашақ ұрпақтың мүддесі міндетті түрде ескерілуі тиіс. Ұсынылып отырған нормалар тұрақты дамуға, әлеуметтік әділдікке және адам мүддесін бірінші орынға қоятын саясатқа бағытталған», – деп түйіндеді комиссия мүшесі.