
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ұсынылып отырған құжат – біртұтас, теңдестірілген және жан-жақты пысықталған жоба, оны бүкілхалықтық референдумға шығаруға толық дайын деп бағалауға болады.
Депутат жаңа Конституция жобасын қолдау ұстанымы қазақстандық қоғамның бүгінгі тыныс-тіршілігін, азаматтардың нақты сұраныстары мен үміттерін терең түсінуге негізделгенін атап өтті.
«Қоғамдық және парламенттік жұмыс барысында адамдар мемлекеттен түсінікті ережелерді, бәріне бірдей әділ қарым-қатынасты және ертеңгі күнге деген сенімділікті күтетінін көріп жүрміз. Бұл үміттер Ата Заңда бекітілетін құндылықтар мен қағидаттарға тікелей байланысты», – деді Сергей Пономарев.
Оның пікірінше, ұсынылып отырған түзетулердің түпкі мәні – адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту. Жаңа Конституция жобасы дәл осы логикаға негізделген.
«Құжат адам құқықтары кепілдіктерінің біртұтас жүйесін қалыптастырады. Ол тек декларативті нормалармен шектелмей, құқықтарды қорғаудың нақты әрі тиімді тетіктерін көздейді», – деп атап өтті депутат.
Сонымен қатар, Сергей Пономарев жаңа Ата Заң жобасы мемлекеттік дамудың тұрақты әрі жауапты моделін қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, құжат ұзақ мерзімді перспективаға негізделіп, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ескереді. Бұл ретте қоршаған ортаны қорғау, қоғамдық қауіпсіздік, тұрақты экономика мен әлеуметтік тұрақтылық өзара байланысты басым бағыттар ретінде қарастырылған.
Депутат жаңа Конституция жобасының маңызды тұстарының бірі – азаматтық қоғамның рөлін күшейту екенін ерекше атап өтті. Қоғамдық бірлестіктер қызметінің еркіндігін қамтамасыз ету және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейту тұрақты диалог пен қоғамдық бақылаудың тиімді тетіктерін қалыптастырады.
«Бұл басқару жүйесінің ашықтығы мен түсініктілігін арттырады, ал қабылданатын шешімдердің сапасы мен жауапкершілігін күшейтеді», – деді ол.
Сергей Пономарев қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтудың маңыздылығына да тоқталды. Оның айтуынша, әр адамның қадір-қасиетін құрметтеу, тең құқықтықты қамтамасыз ету және қоғамдық үдерістерге белсенді қатысу – тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік негізі.
Сөз соңында депутат жаңа Конституция жобасы қоғамның нақты талап-тілектерін көрсететін және Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға сәйкес келетін құжат екенін атап өтті.
«Ұсынылған жоба – пысықталған, теңдестірілген әрі жүйелі құжат. Ол қазіргі және болашақ ұрпақтың мүдделеріне сүйене отырып, мемлекеттің адам құқықтары, экономика, қауіпсіздік және әлеуметтік саладағы жауапкершілігінің айқын бағдарларын белгілейді. Осы тұрғыда оны бүкілхалықтық референдумға шығаруға болады», – деп түйіндеді Сергей Пономарев.