
Конституциялық комиссияның 12-ші отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысы мен оның мазмұндық ерекшеліктері туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, жарты жылға созылған қоғамдық талқылаулар мен сараптамалық жұмыстардың нәтижесінде дайындалған құжат қоғам тарапынан кең қолдау тапқан.
Ерлан Қариннің атап өтуінше, жаңа Конституция мәтіні екі апта бұрын жарияланып, осы уақыт аралығында қызу қоғамдық талқылау өткен. Азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түскен. Бұл көрсеткіш қоғамның конституциялық реформаға жоғары қызығушылық танытқанын және азаматтардың белсенді қатысқанын айғақтайды.
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін де келіп түскен ұсыныстар негізінде қосымша нормалар енгізіліп, бірқатар редакциялық-стилистикалық өзгерістер жасалғанын атап өтті. Сонымен қатар, қойылған сұрақтар мен айтылған сын-пікірлерге Конституциялық комиссия мүшелері тарапынан жедел түрде жауаптар мен түсіндірмелер беріліп отырған.
«Мемлекет басшысының “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидаты негізінде қоғаммен тиімді кері байланыс орнатылды. Азаматтардың ұсыныс-пікірлері барынша ескерілді. Келіп түскен барлық жүйелі ұсыныстар Конституция мәтінінде көрініс тапты», – деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, әр өңір мен түрлі саланың өкілдерінен құралған 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссияның ашық әрі жан-жақты жұмысының нәтижесінде дайындалған құжатты «Халықтық Конституция» деп атауға толық негіз бар. Құжатты әзірлеу барысында мыңдаған азаматтың мазмұнды ұсыныстары ескерілген.
Мемлекеттік кеңесші жаңа Конституция алғаш рет қазақ тілінде – мемлекеттік тілде әзірленгеніне ерекше тоқталды. Құжат мемлекеттік, елдік және ұлттық мүдде тұрғысынан жазылып, құқықтық нормалардың мәні нақтыланған. Бұған дейін әртүрлі түсіндірулерге негіз болуы мүмкін тұстар жойылып, мәтіннің анықтығы мен жүйелілігі қамтамасыз етілген.
«Жаңа Конституция мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай әрі құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналды. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды әрі күрделі жұмыстың нәтижесі», – деп түйіндеді Ерлан Қарин.
Сөз соңында ол жаңа Конституция референдумда азаматтардың қолдауымен қабылданған жағдайда, бұл құжат тек құқықтық негіз ғана емес, сонымен бірге жалпыұлттық идея мен құндылықтарды біріктіретін қоғамдық бірліктің берік іргетасына айналатынына сенім білдірді.