
Аудан әкімі Е. Карентаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіру мақсатында Бірлік ауылындағы Қ. Рысқұлбеков атындағы орта мектеп ұжымымен кездесу өтті. Аталған іс-шара жаңа Ата заң жобасында көзделген өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты түсіндіру, оның ел дамуы мен қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын кеңінен насихаттауға бағытталды.
Кездесу барысында аудан әкімі Конституция жобасында қарастырылған негізгі бағыттарға тоқталып, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселелерін атап өтті. Сонымен қатар, ұсынылып отырған нормалардың қоғамдағы әділдік қағидаттарын орнықтыруға, халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғаны айтылды.
Жиын барысында педагогикалық ұжым өкілдері өз ой-пікірлерін білдіріп, Конституция жобасына қатысты сауалдарын қойды. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар жаңа реформалардың мәні мен мазмұны жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Шара соңында аудан әкімі білім саласы қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше рөліне тоқталып, жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбектерінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ел болашағы үшін атқарылып жатқан игі істерге сәттілік тілеп, ұжым жұмысына табыс тіледі.
Аталған кездесу аудан көлемінде жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.