Бірлік ауылында жаңа Конституция жобасы түсіндірілді

Бірлік ауылында жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
 

Аудан әкімі Е. Карентаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіру мақсатында Бірлік ауылындағы Қ. Рысқұлбеков атындағы орта мектеп ұжымымен кездесу өтті. Маңызды жиынның басты мақсаты – жаңа Ата заң жобасында көзделген өзгерістер мен толықтыруларды кеңінен таныстырып, оның ел дамуы мен қоғам өміріндегі стратегиялық маңызын түсіндіру болды.

Кездесу барысында аудан әкімі Конституция жобасында қарастырылған негізгі бағыттарға жан-жақты тоқталып, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, ұсынылып отырған өзгерістердің қоғамның тұрақты дамуына, әділетті әрі ашық мемлекет қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді.

Жиын форматында өткен кездесуде мектеп ұжымы тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, жаңа Конституция жобасының мәні мен мазмұны бойынша пікір алмасу ұйымдастырылды. Педагогтар білім беру саласының өкілдері ретінде жас ұрпаққа құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы өз рөлдерінің маңыздылығын атап өтті.

Шара соңында аудан әкімі білім саласы қызметкерлерінің қоғамдағы айрықша орнына тоқталып, олардың ел болашағын тәрбиелеудегі еңбегіне жоғары баға берді. Сондай-ақ, мемлекет дамуына бағытталған реформаларды қолдауға шақырып, ұжым жұмысына табыс пен сәттілік тіледі.

Аталған кездесу жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың бір бөлігі болып табылады.