
2026 жылғы 14 ақпан күні сағат 10:00-де Мойынқұм ауданына қарасты Шығанақ ауылында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді. Аталған іс-шара өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын қолдау, жергілікті өнім өндірушілердің өнімдерін тікелей тұтынушыларға ұсыну және халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жәрмеңкеге ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер қатысып, өздері өндірген табиғи әрі экологиялық таза өнімдерін ұсынады. Атап айтқанда, ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, шұжық өнімдері, бал, көкөніс, бақша өнімдері және өзге де азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан төмен бағада сатылымға шығарылады деп жоспарлануда.
Мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп қана қоймай, жергілікті өндірушілер мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға, отандық өнімге деген сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, делдалсыз сауда жүргізу арқылы бағаның тұрақтануына және халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға оң әсерін тигізеді.
Шығанақ ауылының тұрғындары мен аудан қонақтарын жәрмеңкеге белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл — сапалы өнімді тиімді бағада сатып алуға, жергілікті шаруаларды қолдауға және ауыл экономикасының дамуына үлес қосуға тамаша мүмкіндік.