Мойынқұм ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті

Мойынқұм ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті

Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары М.Төлеулиевтің қатысуымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру мақсатында Жамбыл мектеп-гимназиясының педагогикалық ұжымымен арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Кездесудің негізгі мақсаты – ел дамуының жаңа кезеңіне бағытталған конституциялық реформалардың мазмұнын кеңінен түсіндіру, ұсынылып отырған өзгерістердің қоғамдық-саяси жүйеге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тигізер ықпалын жан-жақты баяндау болды.

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталды. Ол құжатта мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін күшейту, азаматтық қоғам институттарын дамыту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды өзгерістер қамтылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, жаңа жобада халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін арттыру, жергілікті басқару органдарының жауапкершілігін күшейту секілді нормаларға басымдық беріліп отырғаны айтылды.

Жиын барысында мектеп-гимназия ұжымының мүшелері де белсенділік танытып, ұсынылған өзгерістерге қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ұстаздар қауымы елдің құқықтық жүйесін жетілдіруге бағытталған бастамаларды қолдайтындарын білдіріп, жаңа Конституция жобасының қоғамдағы тұрақтылық пен дамуға серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Жиын соңында жаңа Конституция жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды.

Мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік реформалардың мәнін терең ұғынуға мүмкіндік беріп, қоғам мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған.