
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Меркі ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын жан-жақты талқылау мақсатында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.
Іс-шара барысында өңір басшысы жаңа Ата заң жобасының мәні мен мазмұнына, оның негізгі бағыттарына кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиевтің өңір атынан Конституциялық комиссия құрамында ел тарихындағы аса маңызды миссияны абыроймен атқарып келе жатқанын атап өтті.
Ербол Қарашөкеев жаңа Конституцияның адам мен мемлекеттің дамуына бағытталғанын айта келе, онда адам құқықтарын қорғау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту, елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау, әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік мәселелері Конституциялық деңгейде бекітілетініне назар аударды.
Кездесу барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Жантелиев пен ақын, жазушы, ауданның құрметті азаматы Шырын Мамасерікова Конституциялық реформа мен жаңа Ата заң жобасына қатысты өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Мұндай кездесулер өңір жұртшылығына Конституциялық реформаның мазмұнын жан-жақты түсіндіруге және қоғам өкілдерінің белсенді қатысуына ықпал ететіні атап өтілді.