Волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту – азаматтық қоғамды нығайтудың маңызды қадамы

Волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту – азаматтық қоғамды нығайтудың маңызды қадамы

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов волонтерлік қызметті Қазақстан Республикасының Конституциясында бекіту бастамасына қатысты өз пікірін білдіріп, бұл өзгерістің елдегі азаматтық қоғамды дамытуға, қоғамдық белсенділікті арттыруға және әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Оның айтуынша, волонтерлік – қоғамдағы өзара қолдаудың, адамгершілік құндылықтардың және ынтымақтастықтың нақты көрінісі. Соңғы жылдары Қазақстанда еріктілер қозғалысы кеңінен дамып, түрлі әлеуметтік, экологиялық, мәдени және төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсету бағытында маңызды рөл атқарып келеді. Осыған байланысты волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту оның маңызын арттырып қана қоймай, мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетуге құқықтық негіз қалыптастырады.

Бақыт Нұрмұхановтың пікірінше, Конституцияда волонтерлік қызметтің орны айқындалса, бұл азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жаңа серпін береді, сондай-ақ жастардың әлеуметтік бастамаларға тартылуын күшейтеді. Сонымен қатар мұндай норма еріктілердің мәртебесін айқындап, олардың құқықтарын қорғауға және қызметін дамытуға бағытталған заңнамалық тетіктерді жетілдіруге мүмкіндік береді.

Конституциялық Сот төрағасының орынбасары волонтерлік институтының құқықтық тұрғыда нығаюы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, қоғамдағы бірлік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді. Оның сөзінше, азаматтардың өз еркімен қоғамдық пайдалы істерге қатысуы мемлекеттің дамуына оң әсер етіп, халықтың өзара сенімін арттырады.

Айта кету керек, волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту жөніндегі бастама азаматтық қоғам институттарын қолдауға, әлеуметтік ынтымақтастықты күшейтуге және құқықтық мемлекетті одан әрі дамытуға бағытталған реформалардың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.