
Қарабөгет ауылында облыстық маңызы бар «Бірлік–Мойынқұм–Ұланбел» автожолы бойындағы сексеуілді тазалау мәселесіне арналған халықпен кездесу ұйымдастырылды.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары А. Нурадинов, аудандық мәслихат төрағасы Н. Саурықов, орман шаруашылығы мен полиция қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, қоғам өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тұрғындарға автожол осьінен 12 метр қашықтықта орналасқан сексеуілді өз күштерімен жинауға рұқсат берілгені түсіндірілді. Сонымен қатар орман шаруашылығы жеріндегі сексеуілді кесуге қатаң тыйым салынатыны ескертілді.
Сексеуілді әділ және тәртіпке сай бөлу мақсатында арнайы комиссия құрылатыны айтылып, жол инфрақұрылымына зиян келтірмеу және тазалық сақтау талаптары бойынша қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ауыл ақсақалдары мен қауымдастық төрағалары аталған іске бірлесе атсалысып, бақылау мен тәртіпті күшейтуге дайын екендіктерін білдірді. Тұрғындар да мәселенің шешілуіне үлес қосқан жауапты тұлғаларға алғыстарын жеткізді.
Бірлік пен өзара түсіністік бар жерде — нәтижелі шешім бар.