
Мойынқұм ауданында 2025 жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының қорытындылары шығарылып, 2026 жылғы көктемгі шақыруға дайындық мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі Е. Карентаевтың төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Е. Әмірханов, аталған басқарманың әскери міндет және азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Ж. Асанбаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қ. Симтиков, аудан әкімінің орынбасары әрі әскерге шақыру комиссиясының төрағасы М. Тулеулиев қатысты.
Сонымен қатар кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері және тиісті мекемелердің басшылары жиналды.
Күн тәртібінде күзгі шақыру науқанының нәтижелері, бірқатар ауылдық округтерде анықталған кемшіліктер, сондай-ақ 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыруды толық әрі сапалы өткізуге бағытталған шаралар жан-жақты қаралды.
Жиын барысында әрбір ауыл әкімінің жауапкершілігі атап өтіліп, көктемгі науқанға қатысты берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығына тоқталып, шақыру шараларын ұйымдастыруда заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін атап өтті.
Әскерге шақыру — жай статистикалық көрсеткіш емес, бұл — тәртіп, жауапкершілік және әрбір азаматтың мемлекет алдындағы борышын өтеуі.