Мойынқұм ауданында Аналар кеңесімен жаңа Конституция жобасы талқыланды

Мойынқұм ауданында Аналар кеңесімен жаңа Конституция жобасы талқыланды

Мойынқұм ауданының әкімі Е.Кәрентаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын түсіндіруге арналған Аналар кеңесінің мүшелерімен арнайы кездесу өтті. Маңызды жиынға қоғамдық ұйым өкілдері, сала басшылары және аудан әкімдігінің қызметкерлері қатысып, конституциялық реформалардың негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды.

Кездесудің басты мақсаты – Мемлекет басшысы бастамашы болған өзгерістердің мәнін түсіндіру, олардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуге, отбасы институтын нығайтуға және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға бағытталған тұстарын ашып көрсету болды.

Жиын барысында аудан әкімі Е.Кәрентаев жаңа Конституция жобасының ел болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған реформалар демократиялық қағидаттарды күшейтуге, халықтың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыруға және отбасы құндылықтарын қорғауға арналған құқықтық тетіктерді жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар аудан басшысы аналар қауымының жас ұрпақты тәрбиелеудегі, қоғамдық келісімді сақтаудағы және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі ерекше рөліне тоқталды.

Аналар кеңесінің мүшелері өз кезегінде ұсынылып отырған өзгерістерге қатысты ой-пікірлерін білдіріп, отбасы мен қоғам мүддесін қорғауға бағытталған бастамаларды қолдайтындықтарын жеткізді. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, еркін пікір алмасу өтті.

Жиын қорытындысында тараптар Конституциялық реформаларды қолдайтындықтарын білдіріп, алдағы уақытта тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бірлесіп жүргізуге дайын екендерін айтты. Сондай-ақ аналар қауымымен өзара ынтымақтастықты нығайту және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыру мәселелері де сөз болды.