
«Облыста арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін ұйымдар қызметінің сапасы туралы» мәселе аясында Мойынқұм ауданында арнайы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Аталған шараның басты мақсаты – тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру, қолданыстағы проблемаларды анықтап, оларды шешу жолдары бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу.
Жамбыл облыстық мәслихаты төрағасының өкімімен құрылған жұмыс тобы зерделеу жұмыстарын аудан әкімі Ермек Карентаевпен өткізілген кездесуден бастады. Кездесу барысында әлеуметтік саладағы қазіргі ахуал, көрсетіліп жатқан қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жөнінде жан-жақты пікір алмасу өтті.
4–6 ақпан күндері аралығында облыстық мәслихат депутаты Бақытжан Қалымбетов, жұмыс тобының мүшелері Рустам Айдынбеков пен Лаззат Сейдазимова аудан аумағындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қызмет көрсету деңгейіне мониторинг жүргізді.
Зерделеу барысында психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің жұмысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанындағы «Отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметі, сондай-ақ аудандық аурухананың халыққа көрсетіп отырған медициналық қызметтерінің сапасы қаралды. Әр нысан бойынша мамандармен кездесулер өтіп, материалдық-техникалық база, кадрлық қамтамасыз ету, қызмет алушыларға көрсетілетін қолдау тетіктері зерделенді.
Жұмыс тобының негізгі ұстанымы – тек есеп беру үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру болды. Осы мақсатта анықталған мәселелер назарға алынып, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар әзірленді.
Зерделеу жұмыстарының қорытындылары тиісті талдамалық есеппен рәсімделіп, уәкілетті органдарға жолданады. Алдағы уақытта қабылданатын шешімдер мен жүзеге асырылатын шаралар дәл осы қорытындыларға негізделмек.