
Хан Тәңірінің мұзбалағы, қазақ поэзиясының падишасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтің 95 жылдық мерейтойына орай Мойынқұм аудандық жалпы білім беру ұйымдарының 7–11 сынып оқушылары арасында аудандық «Мұқағали Мақатаев оқулары» шығармашылық байқауы ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақ арасында Мұқағали Мақатаевтың бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттау, оқушылардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру, өлең сөзінің терең мәні мен рухани қуатын жүрекпен сезінуге тәрбиелеу, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Байқау бірнеше кезең бойынша өткізіліп, қатысушылар ақын шығармашылығын жан-жақты меңгергендерін көрсетті. Шығармашылық дода төрт номинацияны қамтыды.
Алғашқы кезең – «Айтып өткен ақында арман бар ма?» номинациясы аясында үміткерлер Мұқағали Мақатаевтың поэмаларынан өзге жатқа білетін өлеңдерінің тізімін алдын ала дайындап, әділқазылар алқасына ұсынды.
Екінші кезең – «Жыр эстафетасы» бөлімінде байқауға қатысушылар ақынның «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек», «Алтай–Атырау» поэмаларын толық жатқа айтып, көркемдік деңгейін, есте сақтау қабілетін және сахналық мәдениетін көрсетті.
Үшінші кезең – «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды…» айдары бойынша оқушылар өз шығармашылығынан 3–5 шумақтан аспайтын бір өлеңін ұсынып, қазылар алқасының нұсқауымен жатқа орындады. Бұл бөлімде жас ақындардың шығармашылық ізденістері мен поэтикалық ойлау қабілеті ерекше бағаланды.
Төртінші кезеңде «Дариға, домбырамды берші маған!» номинациясы бойынша қатысушылар Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді аспаптық сүйемелдеумен орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Жалпы байқауға аудан мектептерінен елуге жуық оқушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен жастар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал әр кезең бойынша бірінші орын алған жеңімпаздар облыстық деңгейдегі байқауға жолдама алды.
Аудандық «Мұқағали Мақатаев оқулары» байқауы жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, поэзияға құштар дарынды оқушыларды қолдауға бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі болды.