
Мойынқұм ауданының әкімі Е.Карентаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын түсіндіру мақсатында аудандық мәслихат депутаттарымен арнайы кездесу өтті. Маңызды жиынға аудан әкімдігі аппаратының өкілдері, мәслихат депутаттары және жауапты сала басшылары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформалардың мазмұнын жан-жақты түсіндіру, жаңа өзгерістердің елдің саяси жүйесіне, басқару құрылымына және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктеріне тигізетін ықпалын талқылау болды.
Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Е.Карентаев жаңа Конституция жобасы Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтуге және халықтың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты нормалардың күшейтілуі қоғамдағы әділдік пен заң үстемдігін нығайта түсетініне тоқталды.
Кездесу барысында конституциялық реформалардың негізгі бағыттары кеңінен түсіндіріліп, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыру, қоғам мен билік арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету мәселелері қозғалды. Мәслихат депутаттары өз тарапынан ұсыныстарын білдіріп, жаңа Конституция жобасының жекелеген тұстарына қатысты пікірлерін ортаға салды.
Аудан басшысы мәслихат депутаттарының жергілікті деңгейде халықпен тікелей жұмыс істейтін негізгі өкілдер екенін атап өтіп, тұрғындарға конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын жеткізуде олардың рөлі айрықша екенін айтты. Осы бағытта алдағы уақытта ауылдық округтерде, мекемелер мен ұйымдарда ақпараттық-түсіндіру кездесулерін өткізу қажеттігіне назар аударылды.
Жиын ашық әрі мазмұнды форматта өтіп, қатысушылар арасында еркін пікір алмасу жүргізілді. Тараптар конституциялық реформаларды қолдайтындықтарын білдіріп, алдағы кезеңде халық арасында түсіндіру жұмыстарын бірлесіп, жүйелі түрде жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша аудан аумағында ақпараттық-түсіндіру науқандарын күшейту, тұрғындардың сұрақтарына жауап беретін диалог алаңдарын ұйымдастыру және жаңа Конституция жобасының негізгі тұстарын кеңінен насихаттау жөнінде ортақ келісімге қол жеткізілді.