Орман шаруашылығы мекемесінде жаңа Конституция жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті

Орман шаруашылығы мекемесінде жаңа Конституция жобасы бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында Мойынқұм ауылындағы орман шаруашылығы мекемесінде арнайы ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға сала мамандары, мекеме қызметкерлері және қоғамдық өкілдер қатысып, конституциялық реформаның негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды.

Кездесуге Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев, Жамбыл облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі, Тараз қалалық мәслихат депутаты А. Даулетбаева, аудан әкімінің орынбасары М. Тулеулиев, аудандық мәслихат төрағасы Н. Саурықов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы С. Аманов қатысып, реформалардың қоғам мен орман шаруашылығы саласы үшін маңызын атап өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – жаңа Конституция жобасында көзделген өзгерістер мен толықтыруларды сала қызметкерлеріне жан-жақты түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекет деңгейінде жүзеге асырылып жатқан саяси-құқықтық реформалардың мәнін ашып көрсету болды.

Жиын барысында спикерлер Конституция жобасына енгізіліп отырған негізгі жаңашылдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған нормалар, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, экологиялық қауіпсіздікке қатысты конституциялық қағидаттар, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер жөнінде кең көлемде ақпарат берілді.

Аудан әкімі Ермек Карентаев өз сөзінде Конституциялық реформаның ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті.

— Жаңа Конституция жобасы қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл құжат еліміздің тұрақты дамуына берік негіз болады, — деді аудан басшысы.

Кездесу барысында мекеме қызметкерлері тарапынан сұрақтар қойылып, пікірлер айтылды. Орман қорын қорғау, экологиялық саясат, еңбек қауіпсіздігі және мемлекеттік қолдау шаралары төңірегінде ашық пікір алмасу өтті. Қатысушылардың барлық сауалдарына жауап беріліп, нақты түсіндірмелер ұсынылды.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылардың белсенділігімен ерекшеленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері алдағы уақытта да аудан аумағындағы түрлі мекемелер мен еңбек ұжымдарында жалғасын табатын болады.