
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын халық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында Мойынқұм ауылындағы аудандық орталық ауруханада сала мамандарымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға медицина қызметкерлері, мекеме басшылары мен қоғамдық өкілдер қатысып, конституциялық реформаның негізгі бағыттары жан-жақты талқыланды.
Кездесу Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаевтың төрағалығымен өтті. Сонымен қатар жиынға Жамбыл облысы әкімінің мүгедектігі бар адамдардың мәселесі бойынша штаттан тыс кеңесшісі, Тараз қалалық мәслихат депутаты А. Даулетбаева, аудан әкімінің орынбасары М. Тулеулиев, аудандық мәслихат төрағасы Н. Саурықов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы С. Аманов қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – жаңа Конституция жобасында көзделген өзгерістер мен толықтыруларды медицина саласының өкілдеріне жан-жақты түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жүргізіліп жатқан реформалардың қоғам дамуы үшін маңызын ашып көрсету болды.
Жиын барысында спикерлер Конституция жобасына енгізіліп отырған негізгі жаңашылдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған нормалар, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласына қатысты құқықтық тетіктер мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістер жөнінде кең көлемде ақпарат берілді.
Аудан әкімі Ермек Карентаев өз сөзінде Конституциялық реформаның ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті.
— Жаңа Конституция жобасы қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл құжат еліміздің тұрақты дамуына берік негіз болады, — деді аудан басшысы.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері тарапынан сұрақтар қойылып, пікірлер айтылды. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтық нормалардың жүзеге асырылуы, әлеуметтік қолдау тетіктері, кәсіби қызметті қорғау мәселелері төңірегінде ашық пікір алмасу өтті. Қатысушылардың барлық сауалдарына жауаптар беріліп, нақты түсіндірмелер ұсынылды.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылардың жоғары белсенділігімен ерекшеленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ақпараттық-түсіндіру кездесулері алдағы уақытта да аудан аумағындағы түрлі мекемелер мен еңбек ұжымдарында жалғасын табатын болады.