
Мойынқұм ауданында аудан әкімі Ермек Кәрентаевтың төрағалығымен білім саласының қызметкерлерімен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған арнайы кездесу өтті. Іс-шараға аудандық білім бөлімінің өкілдері, мектеп директорлары, педагогтер, колледж қызметкерлері мен сала мамандары қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – Конституциялық реформа аясында ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулардың мазмұнын жан-жақты түсіндіру, сондай-ақ азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру болды.
Жиын барысында Конституция жобасында қамтылған басты жаңашылдықтар кеңінен баяндалды. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған нормалар, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге арналған тетіктер, білім беру саласын дамытуға қатысты ережелер, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістерге тоқталынды.
Аудан әкімі Ермек Кәрентаев өз сөзінде жаңа Конституция жобасының ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
— Конституциялық реформалар қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл өзгерістер еліміздің тұрақты дамуына берік негіз қалайды, — деді аудан басшысы.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, пікірлер айтылды. Білім беру саласына қатысты нормалардың іс жүзінде жүзеге асырылу тетіктері, педагогтердің құқықтық мәртебесін күшейту, жастардың құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, нақты түсіндірмелер ұсынды.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылардың жоғары белсенділігімен ерекшеленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай түсіндіру кездесулері алдағы уақытта да аудан аумағындағы түрлі еңбек ұжымдары мен мекемелерде жалғасын табатын болады.