
Мойынқұм ауданында аудан әкімі Ермек Кәрентаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шара «Мойынқұм» колледжінің қызметкерлерімен ұйымдастырылып, оған білім саласының өкілдері, мекеме басшылары мен мамандар қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасында көзделген өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда жүргізіліп жатқан саяси-құқықтық реформалардың мәнін ашып көрсету болды.
Жиын барысында Конституция жобасындағы негізгі бағыттар кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған нормалар, білім беру саласына қатысты жаңашылдықтар, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге арналған өзгерістер туралы нақты мәліметтер берілді. Қатысушыларға жаңа құқықтық тетіктердің азаматтардың өмір сапасын арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және мемлекеттік институттардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталғаны түсіндірілді.
Аудан әкімі Ермек Кәрентаев өз сөзінде Конституция – мемлекеттің негізгі тірегі екенін атап өтіп, ұсынылып отырған өзгерістердің ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін жеткізді.
– Жаңа Конституция жобасы қоғамдағы әділеттілікті күшейтуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл құжат – Қазақстанның одан әрі дамуына берік негіз қалайды, – деді аудан басшысы.
Кездесу барысында колледж ұжымы тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Білім саласына қатысты нормалардың іске асырылу тетіктері, жастардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде пікір алмасу өтті. Спикерлер қатысушылардың сауалдарына жан-жақты жауап беріп, реформалардың нақты бағыттарын түсіндірді.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, қатысушылардың белсенділігімен ерекшеленді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да түрлі еңбек ұжымдары мен мекемелерде жалғасатын болады.