Конституциялық реформа және заң үстемдігі талқыланды

Конституциялық реформа және заң үстемдігі талқыланды

Мойынқұм ауданының Мойынқұм ауылында орналасқан Орталық аудандық кітапхана жанынан ашылған «Коворкинг орталығында» «Конституциялық реформа және заң үстемдігі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шараға Конституциялық реформаны ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, аудандық «Аналар кеңесінің» төрайымы Ғалия Шубаева төрағалық етті. Дөңгелек үстел жұмысына ауданның мәдениет саласы қызметкерлері мен кітапхана мамандары қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаның негізгі бағыттары, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз етудің тетіктері жан-жақты талқыланды. Қатысушылар жаңа конституциялық өзгерістердің қоғамдағы әділеттілік пен азаматтық жауапкершілікті арттырудағы маңызына тоқталып, өз пікірлерін білдірді.

Сонымен қатар мұндай форматтағы кездесулердің құқықтық мәдениетті көтеруге, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік реформалар жөнінде ашық түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ықпал ететіні атап өтілді.