«Қоғам сақшысы»: Мойынқұмда түнгі рейдтік жұмыстар жүргізілді

«Қоғам сақшысы»: Мойынқұмда түнгі рейдтік жұмыстар жүргізілді

Мойынқұм ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 30 қаңтар күні «Қоғам сақшысы» жобасы аясында түнгі рейдтік профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

Аталған шараның басты мақсаты – түнгі уақытта жасөспірімдер тарапынан орын алуы мүмкін заң бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Түнгі рейдтік жұмыстарға «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Н. Бейсенбек бастаған орталық қызметкерлері, аудандық прокуратура өкілдері, сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты. Бірлескен топ аудан аумағындағы кафелерді, ойын-сауық орындарын және жастар жиі жиналатын қоғамдық орындарды аралап, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Рейд барысында мекеме иелері мен жастарға Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптары түсіндіріліп, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне қатысты нормалар ескертілді. Сонымен қатар қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, құқықтық жауапкершілік және қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңестер берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық рейдтер жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және жастармен жүйелі жұмыс жүргізуге оң ықпал етеді.

Мойынқұм ауданында «Қоғам сақшысы» жобасы аясындағы кешенді шаралар алдағы уақытта да жалғасып, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталатын болады.