ҚР жаңа Конституциясының жобасы: негізгі тұжырымдамалық бағыттар

ҚР жаңа Конституциясының жобасы: негізгі тұжырымдамалық бағыттар

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы ел дамуының қазіргі кезеңіне сай келетін, әділетті, жауапты және орнықты мемлекет құруға бағытталған. Құжатта ұлттық бірегейлік, мемлекеттік тұрақтылық, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік айқын көрініс тапқан.

Конституцияның кіріспесі: құндылықтар мен сабақтастық

Жаңартылған Конституцияның кіріспесінде Қазақстан халқының ұлттық құндылықтары нақты әрі мазмұнды түрде айқындалған. Онда қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен өркениеттің терең тарихи тамыры, Ұлы даладағы ұлы мемлекеттермен сабақтастық нық көрсетіледі.

Мемлекеттің біртұтас сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастығы қағидаттық деңгейде бекітілген. Бұл Қазақстан Республикасының егемендігін, тұрақтылығын және қауіпсіздігін нығайтудың басымдығын білдіреді.

Кіріспеде «Әділетті Қазақстан» құндылық бағдарлары мен «Заң мен тәртіп» қағидаты бекітіліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі расталады. Бұл әділетті мемлекеттік басқаруға, заңдылықты күшейтуге және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған.

Этносаралық және конфессияаралық келісім қоғамдық бейбітшілік пен орнықты дамудың негізі ретінде айрықша атап өтіледі. Сонымен қатар мәдениет, білім, ғылым мен инновация елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен адами капиталды дамытудың басты факторлары ретінде белгіленген. Табиғатқа ұқыпты қарау және экологиялық әл-ауқат үшін жауапкершілік те жалпыұлттық құндылық ретінде бекітіледі.

Жаңартылған кіріспе сыртқы саясаттың бейбіт бағытын сақтай отырып, халық бірлігіне, мемлекеттілік пен заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық шартты бейнелейді.
Егер бұрынғы кіріспе тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі мемлекеттің болмысын сипаттаса, қазіргі нұсқа – кемелденген, жауапты әрі болашаққа бағытталған қоғамның бейнесі.


I бөлім. «Жалпы ережелер» (бұрын – «Конституциялық құрылыстың негіздері»)

Бөлімнің қайта аталуына Қазақстан мемлекеттілігінің іргелі негіздерін неғұрлым нақты әрі мазмұнды көрсету қажеттілігі себеп болды.

Мемлекеттік басқару нысаны

Конституцияда Қазақстан Республикасының басқару нысаны президенттік республика екені нақтыланды. Бұл өзгеріс «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Президент мемлекет пен атқарушы биліктің басшысы болып табылады.

Әкімшілік-аумақтық құрылым

Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымын айқындау заң деңгейінен конституциялық заң деңгейіне көтерілді. Бұл елдің аумақтық дамуы мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған арнайы құқықтық режимдерді енгізу кезінде құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Конституцияда егемендік, тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық және басқару нысаны өзгермейтіндігі туралы норма алғаш рет негізгі бөлімде бекітілді.

Мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары

Қазақстан Республикасы қызметінің негіз қалаушы қағидаттары ретінде мыналар айқындалды:

  • егемендік пен тәуелсіздікті қорғау;

  • адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау;

  • заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету;

  • жалпыұлттық бірлікті нығайту;

  • халықтың әл-ауқатын арттыру;

  • жауапты әрі жасампаз отансүйгіштік;

  • қоғамдық диалогты дамыту;

  • еңбексүйгіштік, білім мен прогресс құндылықтарын орнықтыру;

  • жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру;

  • тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық мәдениетті қолдау.

Сонымен бірге адами капиталды, білім беруді, ғылымды және инновацияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекітілді.

Халық және егемендік

Конституцияда халықтың мемлекеттік биліктің жалғыз көзі ғана емес, егемендіктің жалғыз тасымалдаушысы екені нақты бекітілді. Мемлекет пен оның органдары егемендіктің иесі емес, тек халық атынан және Конституцияда белгіленген шектерде өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Референдум институты

«Республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» болып өзгертілді. Бұл референдумның басты мәні – халықтың біртұтас еркін білдіру екендігін айқындайды.

Заңдардың кері күші

Азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жаңа міндеттер жүктейтін, сондай-ақ жауапкершілікті белгілейтін не күшейтетін заңдардың кері күші болмайтыны нақты бекітілді. Бұл әділеттілік пен заңдылық қағидаттарына толық сәйкес келеді.

Арнайы құқықтық режимдер

Жекелеген өңірлерде жедел экономикалық даму мақсатында арнайы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігі конституциялық деңгейде бекітілді. Мұндай режимдер мемлекеттік басқару мен сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін және қатаң белгіленген шектерде ғана қолданылады.

Діни қызмет және ашықтық

Шетелдік діни бірлестіктерге қатысты артық норма Конституциядан алып тасталды.
Сонымен қатар коммерциялық емес ұйымдардың шетелдік көздерден алатын қаражаты мен активтерінің қозғалысы туралы ақпараттың ашық әрі қолжетімді болуы туралы норма енгізілді. Бұл ішкі мемлекеттік процестерге жасырын ықпал етуге жол бермеуге және қоғамның сенімін арттыруға бағытталған.