«Тәртіп – тәрбие бастауы»: Мойынқұм ауданында аудандық дөңгелек үстел өтті

«Тәртіп – тәрбие бастауы»: Мойынқұм ауданында аудандық дөңгелек үстел өтті

2025 жылдың 29 қаңтарында Мойынқұм ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің тәрбие әдіскері Г. Райымбекованың ұйымдастыруымен Ә. Төлепбергенов атындағы орта мектептің базасында «Тәртіп – тәрбие бастауы» тақырыбында аудандық дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылардың бойында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырудағы тәрбиенің рөлін айқындау, сондай-ақ ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тәрбие беру жолдарын талқылау болды.

Дөңгелек үстел жұмысына ауылдық округ әкімі А. Исабеков, аудандық ішкі істер бөлімі қызметкері Д. Жасұзақов, ауылдық учаскелік полиция қызметкері А. Шакиров, ата-аналар ұйымының төрайымы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілер мен тәлімгерлер қатысты.

Қатысушылар өз сөздерінде тәрбие мен тәртіптің өзара байланысына тоқталып, нақты өмірлік мысалдар арқылы мектеп пен отбасының бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Ашық пікір алмасу барысында тәрбиелік жұмыстарды жетілдіру, алдын алу шараларын күшейту және оқушылармен жүргізілетін жұмыстардың тиімділігін арттыру бағытында бірқатар ұсыныстар айтылды.

Іс-шара барысында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А. Дайырбекова оқу орнындағы тәрбие жұмысы бойынша таныстырылым жасап, С. Тілеубай сынып сағатын өткізді. Сонымен қатар АПҚО жетекшісі А. Оспанова мектептегі АПҚО қызметінің нәтижелерімен бөлісті.

Дөңгелек үстел аясында мектеп психологы А. Кенжетай мен әлеуметтік педагог Ж. Ақбергенова «Буллингтің алдын алу үшін мұғалім мен ата-ананың бірлескен әрекеті қалай ұйымдастырылуы керек?» тақырыбында тренинг өткізіп, қатысушылармен тәжірибелік жұмыстар жүргізді.

Іс-шара қорытындысы бойынша тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу, мектеп пен ата-аналар арасындағы серіктестікті нығайту, оқушылардың қауіпсіз әрі қолайлы білім алу ортасын қалыптастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.