
Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Пономарев Қазақстанда адам құқығын қорғау бағытында қабылданған маңызды шешімдерге тоқталып, өлім жазасына толық әрі түбегейлі тыйым салу – құқықтық мемлекет құру жолындағы стратегиялық қадам екенін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, адамды өмірінен айыруға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл қағида Қазақстан Республикасының Конституциясында және халықаралық құқық нормаларында нақты көрініс тапқан. Қазақстан адам құқықтарын қорғау саласындағы жаһандық бастамаларды қолдай отырып, өлім жазасын алып тастаған мемлекеттер қатарында орнықты ұстанымын бекемдей түсті.
Сергей Пономаревтің пікірінше, бұл шешім мемлекеттің гуманистік бағытын, азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғауға деген берік ұстанымын көрсетеді.
«Адам өмірі – ең жоғары құндылық. Мемлекет жазалау шараларын қолданғанда да адамгершілік қағидатынан айнымауы тиіс. Өлім жазасына тыйым салу – құқықтық жүйенің өркениетті деңгейге көтерілгенінің айқын белгісі», – деді депутат.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактісінің Екінші факультативтік хаттамасына қосылу арқылы өлім жазасынан толық бас тарту жөніндегі халықаралық міндеттемелерді өз мойнына алған. Бұл құжат өмір сүру құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.
Парламент Мәжілісінде қабылданған заңнамалық өзгерістер осы халықаралық нормаларды ұлттық құқық жүйесіне енгізуге мүмкіндік беріп, еліміздің адам құқықтарын қорғау саласындағы беделін арттыра түсті.
Депутаттың айтуынша, өлім жазасын жою – тек жазалау жүйесіне қатысты шешім емес, бұл – сот төрелігінің әділдігін арттыруға, қателіктердің алдын алуға және адам өмірінің құндылығын қоғам санасында орнықтыруға бағытталған маңызды қадам.
Сондай-ақ ол мемлекет қылмыспен күрес жүргізе отырып, алдын алу шараларын күшейтуге, әлеуметтік саясатты дамытуға және құқық бұзушылықтардың түпкі себептерін жоюға ерекше көңіл бөлуі тиіс екенін атап өтті.
Сергей Пономарев өз сөзінде Қазақстанның құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде дамуы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен тікелей байланысты екенін жеткізді. Оның айтуынша, өлім жазасына тыйым салу – қоғамның өркениеттік таңдауы, ал бұл бағыттағы саясат алдағы уақытта да жалғасын табады.
Депутат адам өмірін қорғау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, құқықтық реформалар азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталуы тиіс екенін айтты.