
Мойынқұм ауданынан шыққан жас футболшылар 2025 жылғы маусымды жоғары нәтижемен аяқтап, облыстық деңгейде айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Шу және Байзақ аудандарында өткен бірқатар облыстық чемпионаттарда аудан намысын қорғаған командалар қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, чемпион атанды.
2014–2015 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен облыстық футбол турнирі 2025 жылдың 28–29 қараша күндері Шу ауданына қарасты Белбасар ауылындағы спорт кешенінде ұйымдастырылды. Жарысқа Жамбыл облысының әр ауданынан 12 команда қатысты. Тартысты өткен додада мойынқұмдық жас футболшылар топтық кезеңнен бастап жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Турнир барысында олар Қордай ауданының командасын 2:1 есебімен, Шу ауданын 5:1, Сарысу ауданын 3:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Жуалы ауданының командасын 3:1 есебімен ұтқан мойынқұмдықтар финалда қайта кездескен Қордай ауданын 3:1 есебімен жеңіп, облыс чемпионы атанды.
Аталған жарыста Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Мойынқұм ауданындағы №23 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері ерекше көзге түсті. Турнир қорытындысы бойынша Серік Аслан «Үздік шабуылшы» номинациясына ие болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 34 жыл толуына орай 2015–2016 жылдары туған жасөспірім ұлдар арасында Байзақ ауданындағы №11 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырған ашық турнирде де мойынқұмдық жас футболшылар үздік нәтиже көрсетіп, чемпиондық атақты иеленді.
Жас спортшылардың бұл жеңістері – олардың табанды еңбегінің, жүйелі жаттығуларының және білікті бапкерлердің кәсіби жұмысының нәтижесі. Команданы дайындаған жаттықтырушылар – Түйебаев Марат пен Имашев Шерхан. Облыстық деңгейдегі бұл жетістік Мойынқұм ауданында футбол спортының қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетіп, алдағы ірі жеңістерге берік негіз қалайды.