
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен келіссөз жүргізіп, екі тарап бірлескен мәлімдеме жасады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтеру мәселелері жан-жақты талқыланды. Тараптар бүгінгі келіссөздің емен-жарқын, достық және жоғары деңгейдегі сенімге негізделген жағдайда өткенін атап өтті.
Қазақстан Президенті өз сөзінде Қазақстан мен Еуропалық Одақты өзара сенім мен түсіністікке негізделген жан-жақты әрі стратегиялық серіктестік байланыстырып отырғанын айтты.
– Біз көптеген мәселені қарастырып, серіктестігімізді жаңа әрі сапалы деңгейге шығаруға ниетті екенімізді растадық. Президент Антониу Коштаның елімізге сапары Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Қазақстан – Орталық Азиядағы «жаңа буын» келісіміне қол қойып, оны ратификациялаған алғашқы мемлекет. Бұл құжат екіжақты қарым-қатынастың нығаюына негіз болып, сауда, инвестиция, инфрақұрылым, инновация және мәдениет сияқты бағыттардың барлығын қамтиды, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздердің басты тақырыбы – Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық серіктестікті тереңдету болды. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды әртараптандыруға және инвестициялық жобаларды ұлғайтуға уағдаласты.
– Қазақстан алдағы уақытта да еуропалық бизнеске тұрақты әрі ашық инвестициялық климат қалыптастыруды жалғастырады. Энергия тиімділігі, аса маңызды минералдар, цифрлық технологиялар және көлік байланысы салаларында үлкен әлеует бар, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көлік-логистика саласындағы әріптестікті нығайтуға, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше мән берілгенін айтты.
Бұл бағытта Қазақстан мен ЕО арасындағы үйлестіру платформасының жұмысы және Еуропалық Одақтың Global Gateway («Жаһандық қақпа») бастамасы маңызды тетік ретінде қарастырылды. Қазақстан ЕО-ның Орталық Азия елдеріне арналған жалпы құны 12 миллиард еуроны құрайтын инвестициялық пакетіне қолдау білдірді.
Аталған қаражат көлік инфрақұрылымы, шикізат ресурстары, «жасыл» энергетика және цифрлық технология салаларындағы жобаларды іске асыруға бағытталады.
– Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік тораптарының біріне айналдыруға болады. Сонымен қатар біз энергетикалық қауіпсіздік, аса маңызды минералдар, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері мен мұнай-химия салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келістік. Басты мақсат – шикізатты тек экспорттап қана қоймай, оны Еуроодақ стандарттары бойынша терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөз барысында Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлінді.
Тараптар Team Europe Initiative on Digital Connectivity бағдарламасы аясында, әсіресе ауылдық және шалғай аймақтарды жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында жерсеріктік байланысты дамыту жөнінде ортақ жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар Astana Hub базасында Орталық Азия – Еуропа Одағы арасындағы алғашқы инновациялық кампус ашу мүмкіндігі қарастырылды. Бұл стартаптар, IT-мамандар, технология зерттеушілері мен цифрлық кәсіпкерлер үшін маңызды алаң болмақ.
Қазақстан Мемлекет басшысы Еуропалық Одақтың Horizon Europe және Global Gateway бағдарламаларын жоғары бағалайтынын жеткізіп, елдің осы бастамаларға белсенді түрде қатысып отырғанын атап өтті.
Кездесуде ұзақмерзімді серіктестік үшін халықтар арасындағы байланысты күшейтудің маңызына да назар аударылды.
– Мыңдаған қазақстандық жас Еуропалық Одақтың білім бағдарламалары, соның ішінде Erasmus+ арқылы Еуропа елдерінде білім алуда. Біз университеттер арасындағы әріптестікті тереңдетуге, ортақ бағдарламалар жасауға және дипломдарды өзара мойындауға дайынбыз. Сонымен қатар визалық рәсімдерді жеңілдету бағытындағы ынтымақтастықты да күшейту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тараптар адамдардың еркін жүруіне, мәдени-гуманитарлық байланыстардың кеңеюіне және жастардың академиялық ұтқырлығына жаңа мүмкіндіктер ашылады деген сенім білдірді.
Кездесуде жаһандық қауіпсіздік пен халықаралық тұрақтылық мәселелері де қозғалды. Қазақстан мен Еуропалық Одақ БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқық қағидаттарын мүлтіксіз сақтау ұстанымына адал екенін тағы бір рет растады.
Антониу Кошта Қазақстанның халықаралық аренадағы бейбітшілікке бағытталған ұстанымын жоғары бағалады. Ол, әсіресе, Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешу және Оңтүстік Кавказдағы тұрақтылықты сақтау бағытындағы Қазақстанның конструктивті рөлін атап өтті.
Сонымен қатар Еуропалық Кеңес басшысы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларға оң баға берді.
– Біз қазіргі сын-қатерлерді халықтарымыздың келешегіне қызмет ететін ортақ мүмкіндіктерге айналдыра алатынымызға сенімдімін. Қазақстанның даму қарқыны мен реформалар нәтижесі біздің серіктестігімізді жаңа деңгейге көтереді, – деді Антониу Кошта.
Кездесу Қазақстан – Еуропалық Одақ қарым-қатынасының стратегиялық сипатқа ие болып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Қол жеткізілген келісімдер алдағы уақытта нақты жобалар мен бастамаларға ұласып, екі тараптың да экономикалық, технологиялық және гуманитарлық дамуына тың серпін бермек.
Тараптар өзара ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтап, ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екендерін білдірді.