Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді

Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді

Кремльде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бейресми кездесуі өтті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесу жылы әрі достық рухта өтіп, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелері мен болашақтағы ынтымақтастық бағыттары талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей тарапынан көрсетілген ерекше ықылас пен құрмет үшін ризашылығын білдірді.

«Құрметті Владимир Владимирович, Мәскеуге келген сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет мені ерекше қуантты. Екіжақты ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастық сипатқа ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс істеп келеміз. Мемлекеттеріміз арасында шешілмейтін түйткіл жоқ. Мәселелер туындаған жағдайда да олар президенттер мен үкімет басшыларының өзара іс-қимылы арқылы оң шешімін табады. Сіздің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Бүгін бейресми жағдайда пікір алмасып, бірқатар маңызды мәселелерді талқылағым келеді», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан басшысына сапарға уақыт бөліп келгені үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы байланыстардың жоғары деңгейде дамып келе жатқанын атап өтті.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, келісілгендей, мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуаныштымын. Біз үнемі байланыстамыз, бірақ мемлекетаралық қатынастарда осындай кездесулердің де маңызы зор. Бүгін бейресми жағдайда өзекті мәселелерді талқылап, ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қатынастардың күн тәртібі мен перспективаларын қарастырамыз. Жалпы, биылғы жылды жақсы нәтижелермен аяқтап, алдағы жоспарларды жүзеге асырамыз деп сенемін», — деді Владимир Путин.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі пікірлерімен бөлісті.