Елімізде құлан саны 4,6 мыңнан асты

Елімізде құлан саны 4,6 мыңнан асты

Қазақстандағы құланды қайта жерсіндіру ісінің тарихы 70 жылға жуық уақытты қамтиды. ХХ ғасырдың ортасында бұл ерекше жануар еліміздің аумағынан мүлдем жойылып кеткен болатын. 1953 жылы Түрікменстандағы қорықтан Барсакелмес аралына жеті құлан әкелініп, түрді табиғатқа қайта қайтару бағытындағы жүйелі жұмыстардың бастамасы болды.

Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.

«Ғалымдар мен табиғатты қорғау ұйымдарының көпжылдық еңбегінің нәтижесінде еліміздегі құлан популяциясы айтарлықтай қалпына келтірілді. Бүгінде олардың саны 4,6 мыңнан асып, Қазақстанның дала және шөлейт экожүйелерінде кеңінен таралуда», – деді ведомство өкілі.

Соңғы жылдары құланды тарихи мекендеріне қайтару бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы 42 құлан «Іле-Балқаш» табиғи резерватында және 24 құлан Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерваты аумағында жерсіндірілді. Ал ағымдағы жылдың күзінде тағы 17 құлан «Іле-Балқашқа», 19 құлан «Алтын Далаға» жеткізілді.

Бұл шаралар жергілікті популяциялардың тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ түр бұрын жойылып кеткен аймақтардағы табиғи экожүйелік байланыстарды қалпына келтіруге бағытталған.