
Бүгін Мойынқұм ауданы әкімдігінде ауданның 2025 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы талқыланды. Жиынға аудан әкімі Ермек Карентаев, оның орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кеңесте ауданның негізгі салалары — экономика, бюджет кірістері мен шығыстары, абаттандыру және тазалық, сондай-ақ жылу беру маусымының барысы жан-жақты қаралды.
Экономика мен қаржы саласы бойынша оң нәтижелер
Аудан экономикасында өсім байқалады. Бюджет түсімдері жоспарлы деңгейде орындалып, әлеуметтік міндеттемелердің уақытылы орындалуына мүмкіндік берілген. Инвестиция тарту және шағын және орта бизнесті қолдау бағытында нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Абаттандыру мен тазалық жұмыстары – басты назарда
Жиын барысында ауылдық округтердегі абаттандыру, көше тазалығы мен қоқыс шығару жұмыстарының қорытындысы да тыңдалды. Көшелерді жарықтандыру, саябақтарды көгалдандыру және тұрғындармен бірлескен сенбіліктер ұйымдастыру арқылы елді мекендердің келбеті жақсарып келеді.
Қысқы жылыту маусымына дайындық – өзекті мәселе
Қысқы кезеңде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылыту жүйелерін үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында тиісті бөлімдер мен коммуналдық қызметтерге нақты тапсырмалар берілді. Аудан басшысы жылыту маусымының қауіпсіз әрі сапалы өтуін тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Аудан әкімі Ермек Карентаев жиынды қорытындылай келе:
«Нәтиже болуы үшін жауапкершілік пен тәртіп басты орында. Әр бөлім өз саласында нақты нәтижеге жұмыс істеуі керек. Тұрғындардың өмір сапасын арттыру – барлығымыздың ортақ міндетіміз», – деді.
Жиын соңында алдағы кезеңге арналған жоспарлар нақтыланып, орындалу мерзімдері белгіленді.