
Соңғы уақытта Меркі – Шу – Бурылбайтал бағытындағы республикалық маңызы бар автожол мен теміржол бойында қараусыз жүрген малдың жолға шығып кету жағдайлары жиілеп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі өзекті болып отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Осыған байланысты 2025 жылдың 30 қазан күні Шу көлік прокуроры Ж. Әбдікеровтың ұйымдастыруымен Шығанақ ауылдық клубында «Қараусыз малдың жол қозғалысына тигізетін қауіптілігі» тақырыбында жиын өтті.
Жиынға Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен «Қазақстан Темір Жолы» мекемесінің өкілдері, аудандық ауыл шаруашылығы, ветеринария және ветеринариялық инспекция бөлімдерінің басшылары, сондай-ақ ауыл тұрғындары мен шаруашылық иелері қатысты. Сонымен қатар Мойынқұм ауданындағы Хантау, Шығанақ және Мыңарал ауылдық округтерінің әкімдері де басқосуға арнайы келді.
Басқосуда қараусыз жүрген малдың салдарынан туындайтын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, мал иелерінің жауапкершілігін арттыру, малды заңды түрде бағу және мал жайылымдарын тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Шу көлік прокуроры Ж. Әбдікеров өз сөзінде малдың жол бойына шығып кетуі тек жүргізушілердің ғана емес, мал иелерінің де жауапкершілігіне тікелей қатысты екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау органдары тарапынан жүйелі бақылау қажеттігін жеткізді.
Жиын барысында қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, мал иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту, жол бойындағы малға арналған арнайы қоршаулар мен ескерту белгілерін орнату, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде бірқатар бастамалар көтерілді.
Шара соңында қатысушылардың ұсыныс-пікірлері жинақталып, аталған мәселелер тиісті құзыретті органдардың қарауына жолданатыны айтылды.