
Бүгін Мойынқұм ауданында Қарттар күніне орай жүрек жылуына толы тағылымды шара өтті. Бұл күн – жасы ұлғайған жандарға құрмет көрсетіп қана қоймай, олардың өнегелі өмірін дәріптейтін, жастарға үлгі болатын мерейлі мейрам.
Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев бастаған арнайы топ өмірін елдің өркендеуіне арнаған ардагерлердің шаңырағына барып, сый-құрмет көрсетті. Әкіммен бірге Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, Қоғамдық кеңес төрағасы Сағынғали Аманов, Әйелдер кеңесінің төрайымы Ғалия Шубаева және аудандық мәслихат төрағасы Нұртас Саурықов та қатысып, ақыл мен өнеге иелеріне ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты сәтте ауданға елеулі еңбек сіңірген азаматтар – Сейдалиева Гаухар, Сырымбетов Калдекул Тлеукулович, Тілеубаева Күлзада және Бидасбаев Бөгенбай марапатталып, шынайы құрметке бөленді.
Кездесу барысында қариялар өткен күннің естеліктерімен бөлісіп, жас ұрпаққа аманат болар ақыл-кеңестерін айтты. Жасы ұлғайған абыз қариялар мен елге еңбегі сіңген аға-апалар аудан басшысы бастаған өкілдерге риясыз ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.
Бұл – өткеннің өнегесін бағалап, аға буынға құрмет көрсету арқылы болашаққа аманат етер асыл дәстүрдің жалғасы. Қарттар күні – тек қана мереке емес, ұрпақ сабақтастығын сезіндіріп, жастарды ізгілікке, үлкенге құрмет көрсетуге үндейтін күн.
Мойынқұм жұрты үшін бұл кездесулер – аға буынға тағзым, еңбекпен келген өмір жолына деген алғыс пен құрметтің айқын көрінісі болды. Қарияларға көрсетілген осындай ілтипат – қоғамдағы бірліктің, сыйластықтың және рухани сабақтастықтың белгісі.