Мойынқұм аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес іс қаралды. Бұл бап сот шешімдерін орындамау жағдайына қатысты жауапкершілікті көздейді.
Іс материалдарына сүйенсек, 1980 жылы туған, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы Шығанақ ауылының тұрғыны В.И. Шу аудандық сотының 2022 жылғы 25 тамыздағы үкімін орындамаған. Рейдтік іс-шара барысында оның тұрғылықты мекенжайында сағат 22:34-те болмағаны анықталған.
Сот отырысында В.И. өз кінәсін толық мойындап, қатаң жазаламауды сұрады. Дегенмен, жиналған дәлелдер оның сот шешімін орындамағанын растайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабына және Азаматтық процестік кодекстің 21-бабына сәйкес, сот актілерін орындау барлық азаматтар мен мемлекеттік органдар үшін міндетті болып табылады.
Заңға сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Істі қараған Мойынқұм аудандық сотының судьясы Далибаев Б.К. істің мән-жайын, құқық бұзушылықтың сипатын және кінәлінің жағдайын ескере отырып, қатаңырақ шара қолдануды жөн деп тапты.
Нәтижесінде, сот шешімімен В.И. ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігі ("Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын iс-әрекет белгiлерi болмаса") бойынша кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Бұл оқиға – сот шешімдерін орындаудың заң алдында қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сот актісін орындамау – жай ғана немқұрайдылық емес, ол қоғамға қауіпті құқық бұзушылық болып табылады.