Ауыл шаруашылығы санағы – ауыл айнасы

Ауыл шаруашылығы санағы – ауыл айнасы

Мойынқұм ауданында биылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы қарқынды жүріп жатыр. 2025 жылдың 1 тамызынан басталған санақ жұмыстары 20 қыркүйекке дейін жалғасады. Мамандандырылған sanaq.gov.kz сайты арқылы онлайн форматта жүргізіліп жатқан бұл науқан – еліміздің аграрлық әлеуетін нақты бағалаудың, ауылдың шынайы ахуалын танудың басты құралы.

Жалпы аудан бойынша заңды тұлғалар мен шаруашылық қожалықтарының басым бөлігі санақтан өтіп үлгерген. 17 қыркүйектегі дерек бойынша, 29 заңды тұлғаның 28-і қамтылып, жоспардың 96,6 пайызы орындалған. Ал 1217 шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлердің 1128-і онлайн санақтан өтіп, бұл көрсеткіш 92,7 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде аудан бойынша онлайн жүйесінде қамтылған азаматтардың үлесі 98,8 пайызға жетті.

Әрине, санақ барысында түрлі кедергілер де кездесті. Мәселен, кейбір азаматтардың жеке мәліметтерінде сәйкессіздіктер байқалып, бірқатары қайтыс болғаны немесе кәсібін тоқтатқандығы анықталды. Сонымен қатар көшіп кеткендер, төсек тартып қалғандар және сотталғандар да бар. Дегенмен, қалған бөлігін офлайн форматта қамту арқылы аудандық көрсеткіш толықтай 92,9 пайызға жететін болады.

Қосалқы шаруашылықтарға келсек, олардың саны 5661 болса, соның 3165-і санақтан өтіп, 55,9 пайыздық орындалу көрсеткіші тіркелді. Бұл жоспардағы 14 пайыздық межеден әлдеқайда жоғары екенін аңғартады.

Бүгінде аудан әкімдігі арнайы жұмысшы топ құрып, ауылдық округтерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мақсат – бірде-бір шаруашылықты назардан тыс қалдырмай, әрбір мәліметті дер кезінде рәсімдеу. Санақтың маңыздылығы – ауылдың бүгінгі жағдайын, мал мен жер көлемін, шаруашылықтың нақты әлеуетін айқындап, болашақтағы даму стратегиясын дұрыс құруға мүмкіндік беруінде.

Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі, ауыл өмірінің тірегі. Сондықтан бұл санақ – жай ғана есеп емес, ауылдың айнасы, болашақ жоспардың бастауы.