Отбасы - бақыт мекені

Отбасы - бақыт мекені

Отбасы – әрбір адамның жүрегіне ең жақын, ең қымбат ұғымдардың бірі. Адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, ата-анасының мейірімі мен аялы алақанына бөленіп өседі. Сондықтан отбасы – адамның өміріндегі ең алғашқы мектеп, ал ата-ана – сол мектептегі алғашқы ұстаз.

Қазақ  халқы ежелден отбасы тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалдың мәні де осында. Яғни бала әке-шешесінің іс-әрекетінен, бір-біріне деген сыйластық пен қамқорлығынан үлгі алады. Отбасында әке – шаңырақтың иесі, тірегі болса, ана – отбасының жылуы мен жүрегі. Ал бала – әке мен ананың үміті, болашағы, өмірінің мәні.

Отбасы – тек қана шағын топ емес, ол тұтас қоғамның іргетасы. Бейбіт, берекелі елдің құдіреті де – тату-тәтті отбасыларда. «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бекер айтылмаған. Осыған орай қыркүйектің  екінші жексенбісі «Отбасы күні» мерекесі ретінде белгіленді.

«Отбасы күні» мерекесіне орай Мойынқұм аудан әкімдігінің ішкі саясат  бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” КММ  және Аудандық АХАЖ бөлімімен бірлесіп отырып, отбасы күніне орай жас отбасыларға неке куәлігі мен сый табыс етті. Неке куәлігін АХАЖ бөлімінің қызметкері Алдасүгүр Еңлік пен Жастар орталығының  директор орынбасары Бейсенбек Нұрислам табыс етіп, жастарға ізгі тілектерін жеткізді. Жас отбасына үлкен бақыт, толағай табыс пен үлкен өмір жолында сәттілік тілейміз!

Бақытты отбасының ең басты кепілі – сыйластық пен түсіністік.. Әке мен ана балаларына тек материалдық тұрғыдан емес, ең алдымен рухани байлық сыйлауы тиіс. Қамқорлық пен мейірімге толы үйде өскен бала өзін сенімді, қуатты сезінеді және қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып қалыптасады.Қазіргі заманда отбасының рөлі бұрынғыдан да маңызды. Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтап қалуда да отбасының орны ерекше. Себебі тілді, дінді, салт-дәстүрді балаға ең алдымен отбасы үйретеді.

Қорытындылай келе, отбасы – адам өмірінің мәні мен сәні, тіршіліктің алтын діңгегі. Әрбір жан өз шаңырағын құрметтеп, отбасының абыройын сақтап, берекесін арттыруға атсалысуы керек. Өйткені отбасы – бақыттың бастауы, өмірдің ең үлкен байлығы.

«Жастар ресурстық орталығы»

КММ психологы А.Рысбаева