Өткен сенбіде Мойынқұм ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаевтың қатысуымен өткен шараға ауыл тұрғындары, әкімдікке қарасты мекемелердің ұжымдары және белсенді жастар атсалысты. Бұл күн бірліктің де, еңбектің де көрінісіне айналды.
Сенбіліктің негізгі жұмыстары Амангелді көшесінің бойында жүргізілді. Мұнда шеңгелдер шабылып, арам шөптер тазартылды, жиналған қоқыстар арнайы орындарға шығарылды. Жұмысқа қатысқан әрбір тұрғын туған жердің тазалығына өз үлесін қосып, ауылдың ажарын кіргізуге атсалысты.
«Ауыл көркі – тазалық, ел көркі – берекелік» дегендей, тазалық – тек сыртқы сән емес, ол – мәдениеттің көрсеткіші, адамдық жауапкершіліктің өлшемі. Сенбілік барысында үлкендер де, жастар да бірлесіп жұмыс істеп, ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті.
Аудан әкімі Ермек Карентаев тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалап, тазалыққа мән беру – ауылдың көркеюінің кепілі екенін атап өтті. Алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасын тауып, Мойынқұмның көшелері мен аулалары таза, жайлы әрі үлгілі болуы үшін жүйелі жұмыстар жүргізілмек.
Тазалық – тәртіптің айнасы, ал тәртіп бар жерде өркендеу бар.