Өткен сенбіде Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Амангелдіұлы Карентаев аудан орталығындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, олардың қазіргі ахуалымен танысты. Зерделеу барысында халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірқатар кемшіліктер көзге түсті.
Атап айтқанда, Амангелді көшесінің бойындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында тұрмыстық қалдықтардың бейберекет шашылуы, тазалықтың сақталмауы белгілі болды. Бұл тек санитарлық жағдайға емес, жалпы тұрғындардың тұрмыс сапасына әсер ететін өзекті мәселе екені айқын. Сонымен қатар, аудан тұрғындары жиі ұлттық спорт түлерінен жарыстар өткізетін атшабарға апаратын жолдың ретке келтірілмегендігі, Б.Момышұлы атындағы стадион аумағындағы волейбол және баскетбол алаңдарының еден жабындарының шашылып кеткендігі де сын көтермейтін жайт ретінде назарға алынды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әкімнің зерделеу жұмыстары барысында Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты абаттандыру, құрылысы аяқталмаған алаңдарды қайта жаңғырту, жаңа балалар ойын алаңдарын ашу мәселелері де қаралды. Сонымен қатар Мойынқұм ауылының кіреберісіндегі арканың қазіргі жағдайы тексеріліп, оны ретке келтіру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұл жұмыстар ауылдың келбетін айшықтап, тұрғындарға да, қонақтарға да жайлы орта қалыптастыруға бағытталмақ.
Осыған байланысты аудан басшысы тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Мойынқұм ауылының әкімі Рүстем Тұрарқұлға, аудан әкімінің орынбасарлары Мейірхан Төлеулиев пен Әлібек Нурадиновке, сондай-ақ спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбековке нақты міндеттер тапсырылды. Әкімнің айтуынша, кемшіліктерді жою – уақыт күттірмейтін іс, өйткені халықтың өмір сүру сапасы ең алдымен тазалық пен тәртіпке байланысты.
Ата-бабамыз «Адам көркі – шүберек, ауыл көркі – тазалық» деп бекер айтпаған. Тазалық – мәдениеттің өлшемі, өркениеттің айнасы. Тұрғындардың да, биліктің де басты мақсаты – Мойынқұмды көркейтіп, таза әрі жайлы мекенге айналдыру. Әкім бұл тұрғыда «қоғамдық сана ең алдымен өз үйінің ауласынан басталуы керек» екенін атап өтті. Яғни әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстаса, бүтін ауыл да, аудан да ажарланады.
Сондай-ақ спорттық нысандардың жағдайына да ерекше назар аударылды. «Денсаулық – зор байлық» десек, сол денсаулықты нығайтатын орындардың жарамсыз күйде болуы – болашаққа жасалған қиянат. Жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау – ертеңгі ұлттың мықты болуына кепіл. «Жастардың ойыны – елдің тойы» деген көне сөз бар. Шыныққан жастар – шымыр қоғамның негізі. Сондықтан аудан басшысы спорт алаңдарын шұғыл ретке келтіріп, халыққа қолжетімді әрі сапалы ету қажеттігін атап көрсетті.
Аудан әкімдігі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және спорттық нысандарды қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек. Мойынқұмды дамытудың кілті – тазалық пен салауатты өмір салты екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр.