Жаңа Салық кодексі – кәсіпкер мен мемлекет арасындағы сенімді көпір

Жаңа Салық кодексі – кәсіпкер мен мемлекет арасындағы сенімді көпір

Мойынқұм ауданында кәсіпкерлер қауымы үшін маңызды жиын өтті. Ауданның мәдениет үйінде ұйымдастырылған басқосу жаңа Салық кодексінің нормаларын кеңінен түсіндіруге арналды. Жиынға жергілікті кәсіпкерлер, ірі салық төлеушілер, кәсіпкерлік палатасы мен кәсіпкерлік бөлімнің өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік кірістер департаментінің жауапты мамандары қатысты.

Департаменттен арнайы келген мамандар жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты түсіндіріп, салық төлеушілердің құқықтары мен міндеттеріне байланысты нақты мысалдар келтірді. Кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беріліп, көкейде жүрген мәселелерді шешудің жолдары қарастырылды. Бұл – тек ресми түсіндіру жұмысы ғана емес, ел ішінде бизнестің дамуына жағдай жасайтын өзара пікір алмасу алаңына айналды.

Семинарға Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері: Түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасының басшысы Е. Нурмаханбетов, Камералдық мониторинг басқармасының бөлім басшысы Ж. Лахаев, Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының бас маманы Н. Инкарбеков қатысып, өз бағыттары бойынша баяндама жасады. Олар салық саласындағы жаңа нормаларды егжей-тегжейлі түсіндіріп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.

Жиын барысында салық төлеудің тәртібін жетілдіру, электронды қызметтерді пайдалану, әкімшілендіру жүйесін жеңілдету секілді тақырыптар қозғалды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Мамандар әрбір пікірді назарға алып, болашақтағы жұмыстарда ескерілетінін атап өтті. Жиын бейне және фото жазбаға түсіріліп, барлық сұрақ-жауап арнайы тіркеуге алынды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдары кең көлемді ақпараттық қолдау көрсетті.

Бұл семинардың ең басты мақсаты – салық саласында ашықтықты қамтамасыз етіп, халық пен билік арасындағы сенімді арттыру, сондай-ақ кәсіпкерлердің заңдық сауаттылығын көтеру болды. Жиналған жұртшылық жиыннан пайдалы ақпарат алып қана қоймай, өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсінді.

Жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша басталған бұл шара облыстың өзге аудандарында да жалғасын табады. Кәсіпкерлер үшін тиімді өткен жиын Мойынқұм ауданында бизнестің дамуына жаңа серпін беріп, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайта түсті.