Ахысқа түріктері, сондай-ақ күрдтер мен хемшилдер Грузин КСР-нің шекаралық жолағынан Орта Азия республикалары мен Қазақстанға күштеп қоныс аударылғанына 80 жыл өтті. Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің №6279 қаулысы 1944 жылдың 31 шілдесімен даталанған, ал жер аудару сол жылдың 15 қарашасында басталды.
Тарихи отанынан — Грузияның оңтүстік-батысындағы бес ауданның 219 елді мекенінен — 119 820 адам көшірілді. Ол жылдары «арнайы қоныс аударушылар» деп аталған бұл адамдар Өзбек КСР-дың жеті облысына және Қазақ КСР мен Қырғыз КСР-дың төрт облысына бөлінді.
Депортацияға дейін, 1941 жылдан 1944 жылдың ортасына дейін, шамамен 40 мың ахысқа түрігі Қызыл әскер қатарына шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғыс майдандарында шайқасты. Үздік ерлігі үшін сегізі Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, үшеуі Даңқ орденінің үш дәрежесінің толық иегері атанды. 26 мың жауынгер ұрыстарда қаза тапты.
Қарттар, әйелдер мен балалар майданға барынша көмектесті: азық-түлік, жылы киім-кешек және қаржы жинады. Сонымен бірге ересек халық Боржоми – Вале теміржолын салуға жегілді.
Дегенмен ахысқа түріктерінің тағдыры алдын ала шешіліп қойған еді. Грузияда да, Мәскеуде де депортация жоспары пісіп-жетілді… «Халықтар көсемі» Сталин соғыс уақытын пайдаланып, Грузияны өзге діндегілерден «тазарту» үшін осы қадамға барды. Заңсыздықты соғыстың «шығынына» жапты да, жазықсыздарға «халық жауы» деген таңба тақты. 120 мыңдық этностың өкілдері отанынан, жерінен, жиған-терген мүлкінен айырылып, сотсыз-тергеусіз алыс аймақтарға айдалды. Ал аман қалған майдангерлер туған ауылдарына қайтқанда, оларды теміржол вокзалынан бірден Орта Азия мен Қазақстанға жөнелтетін.
Айдауға сылтау табу үшін Берия ештеңеден тайынбады. Грузия мен Түркия шекарасында, ахысқа түріктері мен шекарашылар арасында орын алды-мыс деген оқиғаларды ұйымдастыру туралы оның идеясы билікке әбден қолайлы болды. Тағы бір жайт: 1942–1943 жылдары халықтан шектен тыс салық туралы хатқа қол жинап, қолдар жиналған соң, бастапқы мәтінді «жер тапшылығына байланысты Орта Азия мен Қазақстанның жазық аймақтарына көшу туралы өтініштерге» ауыстырып жіберген…
Қазақстанда өмір сүрген жылдар ішінде ахысқа түріктері қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Бірнеше буын өкілдері қалалар мен ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, ата-бабасын паналатып, жаңа отанына айналған ел игілігі үшін еңбек етіп келеді.
Біз Меркі ауданындағы ахысқа түріктерінің, 1944 жылдың желтоқсанында Қазақ КСР-не келген кезде бала болған тұрғындарының фотосуреттерін жариялап отырмыз. Әр әулетте депортацияның қасіретті кезеңі, жаңа жерге орнығудың қиын жылдары және бастапқыда жат көрінген топырақта өмірді жолға қоюдың сан-саналы қуанышты сәттері ұмытылмайды.
Кеңестік кезеңдегі осы ауыр тіршілік тәжірибесі – барша қазақстандықтарға ортақ. Оны есте сақтау, мәліметті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу ахысқа түрік этносының да, күллі Қазақстан халқының да тарихи жадысын сақтауда аса маңызды.
Айваз ОСМАНОВ,
Меркі ауданының «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі