Қазақстанда 124-тен астам этнос өкілі татулық пен келісімде өмір сүріп қана қоймай, ел дамуына күн сайын нақты үлес қосып келеді. Қазақстандық бірегейлікті нығайту, этносаралық шиеленістердің алдын алу — мемлекеттік саясаттың басым бағыты.
Әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы Эсмира Мамедова бұл үдерістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) маңызын ерекше атап өтеді. Оның айтуынша, Ассамблея құрылған 30 жылда азаматтық қоғамның негізінде елдегі барлық этностарды консолидациялай алды.
«Бұл – өте үлкен жұмыс. Ассамблея елдің тұрақтылығы мен жасампаздығын нығайтты. Қай ұлттың өкілін алсаңыз да, олар бірлік пен қоғамдық келісім құндылықтарын насихаттап, дамуына үлес қосып жүр. Әрқайсысының рөлі маңызды», – дейді Эсмира Гашангқызы.
Ассамблея идеологиялық бағыттағы жобаларды тұрақты жүзеге асырады, өзге елдермен байланыс орнатып, халықаралық дипломатияға үлес қосады. Әсіресе, Қазақстанда тұратын өзбек, неміс және басқа да диаспора өкілдерінің тарихи отанымен байланысы экономикалық интеграцияға да әсер етуде: олар Қазақстанның артықшылықтарын таныстырып, инвестиция тартуға ықпал етіп келеді. Бұл – ҚХА жұмысының практикалық нәтижелерінің бірі.
Эсмира Мамедованың айтуынша, ҚХА ұлтаралық және мәдениетаралық толеранттылықты нығайтуда маңызды рөл атқарады:
«Ұлтына қарамастан, әр азамат өзін Отанының толыққанды мүшесі ретінде сезіне алады. Өзара құрмет пен азаматтық бірегейлік — Ассамблеяның күн тәртібіндегі негізі».
Ауданда 11 этносты біріктіретін 4 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар «Бірлігіміз – әр алуандықта» қағидатын ұстана отырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуда. Облыстық ҚХА жанында мына құрылымдар белсенді:
Ақсақалдар кеңесі;
Аналар кеңесі;
«Ассамблея жастары»;
Журналистер клубы;
ғылыми-түсіндіру топтары.
Бұл құрылымдар ұлттар арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, мемлекеттік саясатқа қоғам тарапынан қатысуды күшейтеді.
Заң мен тәртіпті сақтау, мемлекеттік тіл мен рәміздерге құрметпен қарау, қоғамдық келісім мен бірлікті қолдау — әрбір азаматтың өмірлік қағидатына айналуы тиіс. Ел игілігі үшін адал еңбек ету – шынайы мемлекетшілдіктің көрінісі. Ассамблеяның басты миссиясы да — осы құндылықтарды күшейту.
Эсмира Мамедова ҚХА-ның артықшылықтарын былай түйіндейді:
пікір алмасуға, мәдениетті бөлісуге және мәселелерді бейбіт шешуге мүмкіндік беретін ашық алаң;
ұлттар арасындағы келісімді жүйелі нығайту;
білім мен тәрбие саласындағы ықпалды бастамалар;
халықаралық деңгейде ел беделін арттыру (Қазақстанның этносаралық келісім моделі кеңінен зерттелуде).
Сөз соңында айтарымыз: өңір-өңірде тынымсыз еңбек етіп, азаматтық қоғамның іргесін бекемдеп жүрген тұлғалар аз емес. Ассамблея халық бірлігі мәселесінде әлі де көп нәтиже көрсете алатыны анық.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»