Мойынқұм ауданында биылғы Спорт күні мерекесі Ассамблеяның 30 жылдығы мен ауданның 60 жылдық мерейтойына орай кең көлемде ұйымдастырылды. Бұл күн аудан тұрғындары үшін нағыз спорт пен өнердің мерекесіне айналды.
Аудандық спорт алаңында өткен кіші футбол турниріне 10 команда қатысып, жасыл алаңда қызықты бәсекелер өрбіді. Мыңарал, Шығанақ, Қияхты, Хантау, Бірлік, Жасұлан, Көкжелек, Күшаман, Жамбыл және Мойынқұм ауылдарының спортшылары өзара бақ сынасты.
Нәтижесінде Күшаман командасы бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орынды – Мойынқұм, ал үшінші орынды – Қияхты командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар аудандық спорт залында волейболдан жарыс ұйымдастырылып, оған 7 команда қатысты. Ойынға Шығанақ, Құмөзек, Ақбақай, Айдарлы ауылдарының және Мойынқұмнан үш команданың спортшылары күш сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды – Мойынқұм командасы, екінші орынды – Шығанақ, ал үшінші орынды М.Жұмабаев мектеп-лицейінің командасы иеленді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар табысталып, мерекелік марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Бұл шара спортшылардың мерейін көтеріп қана қоймай, жастарды салауатты өмір салтына баулуға бағытталды.
Мерекелік іс-шаралар аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда аудан әкімінің міндетін атқарушы Алибек Нурадинов жиналғандарды Спорт күнімен құттықтап, спорт саласының мамандарын марапаттады. Сонымен қатар, Халықаралық жастар күніне орай өңірдің жалынды жастарына да құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табыс етілді.
Кешкісін Қазақстанның жарық жұлдызы, танымал әнші Ұланғасыр Қами арнайы келіп, аудан тұрғындарына тегін концерт қойды. Жанды дауыста шырқалған әсем әндер көпшіліктің көңілін көтеріп, мерекелік күнді ерекше шаттыққа бөледі.
Мойынқұмдықтар үшін биылғы Спорт күні мерекесі спорттық сайыстар мен өнерлі кештердің тоғысына айналып, ауданның мерейлі жылымен үндесіп өтті.