Ұлт руханияты мен спорт мерейі тоғысқан айтулы сәттердің бірі – биылғы Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы. Қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушысы Абай Құнанбайұлы – ұлттың ар-намысы мен білім-білігінің символы ғана емес, ел бірлігінің де айнасы. Осы ұлы мерейлі жыл аясында Абай облысының орталығы – Семей қаласында қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогі жоғары деңгейде өтті.
Додаға еліміздің барлық өңірінен жиналған 20 команда қатысып, ерлер мен әйелдер 16 салмақ дәрежесі бойынша бозкілемде бақ сынады. Бұл жарыс тек спортшылардың шеберлігін ғана емес, ел спортының дамуына қосылып жатқан үлесін, ұлттық күресіміздің беделін айқындады.
Осы бір тартысты додада Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Көкжелек ауылының тумасы, жас та болса тәжірибесі мол балуан Орынбасар Бақтыбекұлы 74 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, ұтымды әдіс пен қайсар мінез көрсетіп, алтын медальға ие болды. Бұл жеңіс – оның жеке еңбегінің жемісі ғана емес, ауданымыздың спорт саласындағы жетістігінің де айғағы.
Мойынқұм өңірінде спортқа, әсіресе ұлттық спорт түрлеріне деген көзқарас әрдайым жоғары. Жергілікті билік пен спорт ұйымдары жас өрендердің бапкерлік қолдауға, заманауи жаттығу орындарына қол жеткізуіне мән беріп келеді. Соның нәтижесінде аудан спортшылары түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда үздік нәтижелер көрсетуде.
Орынбасар Бақтыбекұлының бұл жеңісі – аудан жастарына шабыт, ерік-жігердің, табандылық пен еңбекқорлықтың үлгісі. Жерлестеріміз оны шын жүректен құттықтап, алдағы спорттық жолында жаңа жеңістер мен жетістіктер тілейді. «Спорт – ел мерейін асыратын күш» десек, Мойынқұмда сол күштің тамыры тереңге жайылып келе жатқаны анық.