2025 жыл – Мойынқұм ауданы үшін нақты жаңару жылына айналуда. Өңірдегі төрт елді мекенде 9 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауыл халқының күнделікті тіршілігіне жаңа дем, жаңа мүмкіндік сыйлауда. Жөндеу жұмыстарының ауқымы да, сапасы да көңіл қуантады. Әсіресе, алыстағы ауыл тұрғындары үшін жолдың жақсысы – өмір сапасының артуы, қауіпсіздік пен жайлылықтың кепілі.
Биылғы жылы Қылышбай, Ақсүйек, Назарбеков және Биназар ауылдарында орта жөндеуден өтетін көшелер саны аз емес. Қылышбай ауылында үш көшені орта жөндеу жұмысына жалпы 106,6 миллион теңге бөлінсе, биылға 53,6 миллион теңге қарастырылды. Қалған қажетті қаражат та кезең-кезеңімен игерілмек. Осы жобаның негізгі мердігері – «Ал Кон Сер лтд» ЖШС. Бұл компания өңірдегі ірі жобалардың сенімді орындаушысы ретінде танылған.
Ақсүйек ауылында да үш көшеге орта жөндеу жұмыстары басталды. Бұл мақсатқа 152,6 миллион теңге қаралып, биылдың өзінде 119,2 миллион теңге бөлініп отыр. Қалған қаржы да тиісті уақытта жеткізіледі. Назарбеков ауылында екі көшеге 36,3 миллион теңге, ал Биназар ауылындағы Жайлаубек көшесіне 49,3 миллион теңге бөлінген.
Көшелерді жөндеуде сапа мәселесі басты назарда. Мысалы, 2025 жылдың 25 шілдесінде Назарбеков ауылындағы Рысқұлов және Сейфуллин көшелерінде жаңа асфальт төселіп, орта жөндеу толық аяқталды. Бұл ауылдың тұрғындары үшін ұзақ күткен қуаныш болды. «Ал Кон Сер лтд» ЖШС-нің мамандары жаңа жабынды төсеу жұмыстарын мінсіз деңгейде атқарды.
Енді бұл көшелердің сапасы арнайы зертханалық сараптамадан өтеді. «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» РМК мамандары асфальттан керн үлгілерін алып, зерттеу жүргізуде. Зерттеу нәтижелері бойынша ғана көшелер ресми түрде пайдалануға берілетін болады. Бұл – жұмыстың ашықтығы мен әділдігіне дәлел.
Ауыл жолдарының жаңаруы – бір қарағанда қарапайым жаңалық сияқты көрінгенімен, ауыл тұрғындары үшін бұл – үлкен оқиға. Күн сайын шаңға, шұңқырға, батпаққа тап болып жүрген жұртшылық енді жаңа жолмен еркін қозғалады. Балалар мектепке, жастар жұмысқа, ақсақалдар дүкенге немесе емханаға кедергісіз барып-келеді. Тіпті, күнделікті өмірдің ырғағы мен ауылдың көңіл-күйі де өзгереді.
Бұл бастамалардың барлығы аудан басшылығының тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға деген шынайы ұмтылысын көрсетеді. Әрбір ауылдың жаңарған жолы – елді мекендердің келбетін, халықтың көңіл-күйін көтеретін нақты қадам. Жаңа жол – жай ғана асфальт емес, ауылдың болашағы үшін ашылған кең даңғыл деп білеміз!